Еуропада Қарақалпақстан оппозиционерлері ЕҚЫҰ-ның (ОБСЕ) Демократиялық институттер және адам құқығы бюросы мінберлерінен Өзбекстаннан бөлініп, Қазақстанға қосылу жайында әңгіме қозғай бастады. Польша астанасы Варшавада өткен ЕҚЫҰ-ның екі апталық отырысында «Алға Қарақалпақстан» қозғалысының жетекшісі Аман Сағидуллаев осыған байланысты еуропа елдері мен ЕҚЫҰ-дан көмек сұраған. Біз бүгін осыған байланысты Қарақалпақстан оппозиция өкілдері қойған талаптар мен өтініштерге қысқаша тоқталуды жөн көрдік.
ЕҚЫҰ-ның Демократия институттары және адам құқықтары бюросының ресми сайтында жарияланған мәліметтерге сүйенетін болсақ, онда «Алға Қарақалпақстан» қозғалысының басшысы оппозициялық саясаткер Аман Сағидуллаевтың 11 бөліктен тұратын талаптары мен өтініштері көрсетілген. Сағидуллаевтың сөзінше, осы уақытқа дейін Өзбекстан билігі 1,8 миллион Қарақалпақстандыққа құл ретінде қарап келген. Ол құлдықтан құтылу үшін Қарақалпақстан Өзбекстан құрамынан шығуы тиіс. Сағидуллаевтың Еуропада жасаған мәлімдемесін шетелдерде қашып жүрген саясаткерлердің көзге түсу мақсатында жасаған кезекті қадамдарының бірі деп қарастыруға болар еді. Бірақ соңғы статистикалық мәліметтерге қарасақ, онда Өзбекстан құрамындағы қарақалпақ ұлтының жағдайы мәз емес екенін аңғаруға болады. Мысалы 1990 жылдармен салыстырғанда Қарақалпақстандағы туу көрсеткіші жылына 100 мың бала болған. Ал бүгінде ол көрсеткіш 26 мыңнан аспайды. Елде ұлттық партия құруға және ресми Ташкенттің рұқсатынсыз аудан, облыс әкімдерін тіпті мектеп директорын тағайындауға болмайды. Осыдан кейін Арал теңізінің арғы бетіндегі қарақалпақ жұртының жағдайы қандай екенін бағамдай беруге болады. Оның үстіне Аман Сағидуллаевтың айтуынша, Қарақалпақстанның Өзбекстан құрамында болу мерзімі заң бойынша 2013 жылы аяқталып кеткен. Бірақ соған қарамастан ресми Ташкент Қарақалпақстанды өз құрамынан шығармай отыр.
«Алға Қарақалпақстан» қозғалысының ЕҚЫҰ-ға жіберген талаптары мен өтініштері бойынша, олар Еуропа елдері мен халықаралық ұйымдардан Ташкентпен осы мәселеге байланысты қандайда бір келісімге келуге көмектесулерін сұраған. Аман Сағидуллаев жариялаған 11 материалдың ішінде Қарақалпақстан аумағынан Өзбекстан арнайы қызметі мен әскерін шығару, Қазақстанға интеграциялануға және Қарақалпақстан Республикасын ЕҚЫҰ мен БҰҰ-на мүше болуы кедергі жасамау сынды талаптар бар. Аман Сағидуллаевтың өзі Қарақалпақстаннан 2011 жылы Қырғызстан арқылы Еуропаға қашуға мәжбүр болған. Оны Өзбекстан билігі "ақша жымқырды" деп айыптап, оған халықаралық іздеу жариялаған. Бірақ ол қудалануының саяси астары бар екенін айтып, Еуропада саяси босқын статусын алған.
Қарақалпақстан жері Өзбекстан аумағының үштен бірін алып жатыр. Оның 80 пайызы шөлді әрі Арал теңізінің тартылып кетуіне байланысты апатты жағдайда тұрған жерлер. Бірақ осыған қарамастан Қарақалпақстаннан газ, мұнай сынды қазба байлықтар өндіріледі.