Рохинджа мұсылмандарына жасалған зорлық-зомбылық істеріне байланысты Мьянма басшысы Аун Сан Су Чиге көптеген елдерден наразылықтар күшейе түскендіктен, ол БҰҰ Бас Ассамблеясының істеріне қатыстырылмайтын болды. Бұл туралы BBC-дің онлайн қызметі хабарлайды.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бүгін Мьянмадағы қанды қырғынға қатысты кезектен тыс мәжіліс ашады. Халықаралық қауымдастықтың мәліметіне қарағанда, рохинджа мұсылмандарына қарсы әскери әрекеттен 400-ден астам адам қаза болып, 370 мың халық Бангладешке бас сауғалап қашып барған.
Аталған аймақта кейбір ауылдар толығымен өртелген. БҰҰ осы істерге байланысты Мьянма үкіметін этникалық қырғынға жол бергені үшін айыптап отыр. Ал Мьянма үкіметі болса өздерінің рохинджаның бүлікші күштерімен күресіп жатқанын, қарапайым халықтың зардап шегіп жатпағанын айтуда.
Мьянма үкіметі не десе де, тұрғындарының басым көбі буддисттерден тұратын Ракхайн штатындағы мұсылман азшылыққа жасалған қысымды жасырып қала алмайды. Әрі Рохинжа мұсылмандары сан жылдан бері Мьянмада жасап келе жатқанына қарамастан Мьянма үкіметі оларды босқындар қатарында санап келген.
Әлемдік қауымдастық және көптеген елдің үкіметтері Мьянма басшысын "қырғынды тоқтатып, мұсылман азшылықты қорғап қалуға әрекет етпеді" деп айыптады. Айта кетелік, Аун Сан Су Чи осыдан екі жыл бұрын билік басына келген. Одан бұрын демократияны қолдаудағы қызу қанды әрекеттері үшін 15 жыл үй қамағында болған. Осы үшін де оған Бейбітшілік Нобель сыйлығы берілген. Бірақ соңғы қырғын әрекетіндегі жауапсыздығы үшін БҰҰ Бас Ассамблеясы жиналысқа қатыстырмайтын болды.