Әр минут, әр сағат, әр күн сайын елімізде, әлемде халықты елең еткізер маңызды жаңалықтар болады. Ал оның бірі көзге ілінсе, енді бірі назардан тыс қалып жатады. Ендеше The Qazaq Times оқырмандары үшін 4-9 қыркүйек аралығында болған ең маңызды экономика жаңалықтарына шолу жасайды.
Президент: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге асықпау керек
Апта бастала салысымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі кемшіліктерге назар аударып, аталған жүйені енгізуге асықпауға шақырды.
"Өзін жұмыспен қамтыған 3 миллион адам медициналық сақтандырусыз қалайын деп тұр. Сосын олар бізге не айтады? Оданда осындай негізгі мәселелерді шешейік. Мен тағы айтамын, бұған біз прогрессивті түрде өтетін шығармыз, мен бұған қарсы емеспін. Алайда тағы сүрініп кетпейік. Солай емес пе...(...). Егер бізде осындай сұрақтар туындап тұрса, сіздер неге "медициналық сақтандыруға"өтеміз деп айтасыздар?", - деді Президент Парламенттің қос палатасының біріккен отырысында Премьер Бақытжан Сағынтаев пен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қарата сөйлеген сөзінде.
Қазақстан бақытты елдер рейтингінде Өзбекстаннан қалып қойды
Әлемдегі бақытты елдердің рейтингінде (World happiness report 2017) Қазақстан 155 елдің ішінде 60 орынға ие болды. Рейтинг әр елдің жан басына шаққандағы Жалпы ішкі өніміне, мемлекет тарапынан болатын әлеуметтік көмекке, денсаулық сақтау деңгейіне, сайлау еркіндігіне және қайырылымдық ісіне, сондай-ақ, жемқорлық деңгейіне байланысты құрылған
Қазақстанның алдында 59 орында Түркіменстан елі тұр. Бұдан бөлек, көрші-серіктес елдер арасында Өзбекстан 47 орынға, Ресей 49 орынға ие болып, Қазақстанның алдына шықты. Ал Қазақстаннан кейін тұрған елдер: Беларусь (67), Әзербайжан (85), Қырғызстан (98), Армения (121), Украина (132).
Банктерді сауықтыру ел экономикасын сақтап қала алмайды
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 4 қыркүйек күні Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Ұлттық банктің мүмкіндіктерін барынша кеңейте түсу керек екенін айтқан. Президенттің сөзінше, қазіргі кезде Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктердің қарыз алуына тыйым сала алатындай мүмкіндігі жоқ. Енді осыны қолға алу керек екен. Яғни Президенттің бұл сөзінен алдағы уақытта екінші деңгейлі банктерді тексеру одан сайын арта түсуі мүмкін екенін аңғаруға болады.
Президенттің сөзінше, банк секторына қаржы бөле бермеу керек. Алайда біз бұл туралы тым кеш ойланғандаймыз. Дегенмен Президент айтса, мемлекет қаржысына сенім артқан, "Не де болса мемлекет асырайды" деген пікір қалыптастырған кейбір банктер айылын жиып, санға емес сапаға жұмыс істеуге кірісетін шығар деген сенімдеміз. Осыдан кейін "Экономиканы сақтап қалу үшін банктерді сауықтыру қажет" деген пікір жойылып, банктерге көмек көрсете беру де азаятын болар.
Біртанов медициналық сақтандыру қорына жиналған қаржы қалай сақталатынын айтты
ҚР Президенті міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізуге асықпау керегін айтқан соң, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мерзімі бір-екі жылға шегерілуі мүмкін екенін жоққа шығарған жоқ. Алайда ол медсақтандыру қорына жұмыс берушілерден бұрынғыдай қаражатты жинай беруді ұсынып отыр.
Осылайша Біртанов бір-екі жылға кешіктіріліп енгізілуі мүмкін жүйеге жиналған қаражаттың қайда түсетінін түсіндірді.
«Атамекен» ҰКП басшысы: Министр Біртановтың ұстанымы түсініксіз
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың міндетті әлеуметтік сақтандыруға қатысты жоғарыда айтылған мәлімдемесінен соң бизнес саласында біраз түсініспеушіліктер пайда бола бастады. «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов сұхбат беріп, Денсаулық сақтау министрлігінің қорға жарналарды ары қарай жинау немесе жинамау жайындағы әрекеті түсініксіз болып отырғанын айтты.
Ұлттық банк: Теңге шетел валютасына сұраныс артқандықтан әлсіреді
Соңғы 10 күнде, яғни 2017 жылғы 21 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында АҚШ долларына қатысты теңге бағамы 2,6%-ға әлсіреген. Осыған қатысты Ұлттық банк хабарлама таратты. Банк хабарламасында сенсек, теңгенің әлсіреуі банктердің, компаниялардың және халық тарапынан шетел валютасына деген сұраныстың артып кетуімен байланысты екен.
Депутат теңге курсын манипуляциялағандарды жазалауды ұсынды
Ұлттық банктің теңгенің әлсіреуіне қатысты мәлімдемесінен соң, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, депутат Аманжан Жамалов теңге курсын манипуляциялап отырғандарды жазалау керегін айтты.
Ол валюта нарығындағы жағдайға пікір білдіре отырып, нарықта манипуляция болып отырғанын алға тартты. "Ұлттық Банктің, Қаржы министрлігінің және Экономика министрлігінің деректері бойынша теңгенің айырбас бағамы мұнай бағасы, ресей рублі, экономиканың жай-күйі сияқты негізгі факторлар әсерінен қалыптасады. Алайда біз валюта нарығынан басқа жағдайды байқап, қазіргі кезде теңгенің әлсіреуіне ешбір макроэкономикалық жағдай әсер етпегенін көріп отырмыз. Көптеген қазақстандықтардың көкейінде "Бұл не жағдай?" деген сұрақ туындап отыр. Себебі мұнай бағасы нығайып, ресей рублі тұрақты және Қазақстанның экономика көрсеткіші жақсарғанына қарамастан, теңге құбылып тұр" - деген еді ол.
Ресей банкі Қазақстанның ОПЕК келісімін орындап отырғанына күмәнмен қарайды
Апта соңында шетелдік БАҚ "мұнай экспорттаушылар АҚШ, Қазақстан, Әзербайжан және басқа да елдердің шикізат өндірісін арттыруына байланысты әлемдік нарықты теңгестіре алмай отырғаны" туралы ақпарат таратты. Себебі мұндай мәлімдемені Ресейдің Орталық банкі қыркүйек айына арналған макроэкономикалық есебінде жариялаған.
Олардың сөзінше, аталған елдер ОПЕК пен оған мүше емес елдердің мұнай өндіруді шектеу туралы келісімін бұзып отыр. Айта кетейік, мұнай экспорттаушы елдер арасындағы шикізат өндірісінің көлемін қысқарту туралы келісім 2018 жылдың наурыз айына дейін жарайды. Келісім бойынша ОПЕК-ке мүше елдер өндіріс көлемін тәулігіне 1,2 млн баррельге қысқартуы тиіс. Ал картельге мүше емес елдер шикізат көлемін тәулігіне 558 мың баррельге қысқартуға міндеттелген еді. Ал Қазақстан болса шикізатты тәулігіне 20 мың баррельге аз өндіруге келіскен. Алайда тараған ақпарат бойынша Қазақстан өндірісті азайтудың орнына керісінше көбейткен болуы мүмкін.