Дональд Трамп "Катар дағдарысы" мәселесі бойынша медиатор қызметін атқарып отырған Кувейттің әмірі Сабах әл-Ахмед әл Жабер ас-Сабахпен кездесу барысында Парсы шығанағы елдерінің дипломатиялық байланыстарын қайта қалпына келтіруге ықпал ету ниетін білдірді. Бұл туралы "Әл-Жазира" ақпараттық агенттігі жазды.
Кувейт әмірі үш айдан астам уақытқа созылған Катар мен Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Египет, Бахрейн мемлекеттерінің арасындағы келіспеушілік кезінде әскери интервенция жасалу мүмкіндігіне тосқауыл қойғанын хабарлады. Өз кезегінде Араб елдерінің "төрттігі": "Әскери қақтығыстар болуы мүмкін екені туралы сөз ешқашан қозғалмаған және болашақта да бұл тақырып көтерілмейді", -деп, Кувейт әмірінің мәлімдемесіне наразылық білдірді.
Кувейт әмірі сондай-ақ Катардың Араб елдері ұсынған 13 бөлімнен тұратын талаптарының өз тәуелсіздігіне нұқсан келтірмейтін тұстарын қайта қарастырып көруге ынталы болып отырғанын хабарлады. Осы жылдың 5 маусымында Араб елдерінің "төрттігі" Катарды "терроризмді қаржыландырып отыр" деп айыптауына байланысты, тараптар арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар үзілген болатын.
Уашингтоннан ақпарат таратқан "Әл-Жазираның" тілшісі Дональд Трамптың бұл мәселеге қатысты ой білдіру реті мен сөз екпіні өзгергенін айтады. Осыған дейін Катарды жақтап келген АҚШ Президенті, енді Парсы шығанағындағы барлық елдердің Америка үшін маңызды екенін атап өтіп, достық байланыстар қайта жаңғыратынына үміт артып отыр.
Катардың Сыртқы Істер министрі Шейх Мұхаммед бин Абдулрахман әл Тани Араб елдерімен келіссөздер үстеліне отыру үшін қарсы тараптың Доханың бұғатталған көлік жолдарын қайта ашуды сұрайтынын жеткізді. Ал Араб елдері Катардың алдын-ала шарт қоюын жөнсіз санайды.
Дональд Трамп өз сөзінде Кувейт әмірінің медиаторлық қызметін толық қолдайтынын және қос тараптардың қарым-қатынасы қалпына келмесе, дипломатиялық дағдарысқа қатысы бар барлық Араб мемлекеттерін Уашингтон төріне өзі жинап, келіссөздер алаңын құратынын айтты.