Египеттің ауылды өңірлері мен шалғай елдімекендерінде бала туу деңгейі бақылауға алынып, халыққа отбасын жоспарлау әдістерін түсіндіру жұмыстары басталды. Әбдел Фаттах әл-Сисидің айтуынша, халық санының қарқынды артуы Египеттің басты мәселелерінің бірі болып отыр.

93 млн халқы бар Египет Араб мемлекеттерінің арасында халқы ең тығыз орналасқан мемлекеттер қатарына жатады. Сарапшылардың болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай қазіргі халық саны 128 миллионға жетуі мүмкін.

Өткен айда болған жастар форумында сөз алған ел Президенті: "Египеттің дамуына кедергі болып отырған екі мәселе бар. Олар терроризм мен халық санының жылдам өсуі", - деді.

Ауылды өңірлерде демографиялық өсімнің едәуір үлкен болуының бір себебі жергілікті халықтың бала санын жоспарлап, шектеу Ислам қағидаттарына қайшы келеді деген сеніміне байланысты.

Египеттің бұрынғы Президенті Хосни Мүбарактың халық санын реттеуге қатысты бағдарламасы болғанымен, Үкімет отбасын жоспарлау мәселесімен алғаш рет мемлекеттік деңгейде айналысып отыр.

“The Qazaq Times”