Дүниежүзілік банк сарапшыларының пікірінше, Орта Азиядағы су тапшылығы 2050 жылға қарай өңірдегі жалпы ішкі өнімді 11 пайызға төмендетуі мүмкін. Бүкіл әлем бойынша су тапшылығын сезініп отырған халық саны - 1,6 млрд. Жаһандық жылыну процесі әсерінен ғаламдық температураның көтерілуі, жауын-шашын мөлшерінің күрт азаюы, су ресурстарының дұрыс бөлінбеуі, адамдардың ысырапшылдығы сияқты факторлар алдағы уақытта жоғарыда көрсетілген халық санын бірнеше есеге арттыруы мүмкін.
2014 жылы «Nature» халықаралық ғылыми журналы Орталық Азия елдерінің су ресурстарын тиімсіз пайдаланатын мемлекеттердің қатарында көш бастап тұрғанын жазған болатын. Сөзімізді статистикалық деректермен түйіндесек: Түрікменстан жан басына шаққанда 5,5 мың м3 су шығындайды. Бұл АҚШ-тың көрсеткішінен 4 есе, Қытайда тіркелген су ресурстарын пайдалану деңгейінен 13 есе көп. Су ресурстарын тиімсіз пайдаланатын елдер қатарында 4 және 5-ші орындарда тұратын Өзбекстан мен Қырғызстанның әр тұрғыны шамамен 2 мың м3 су жұмсайды. Бұл тізімде Қазақстан 11-ші, Тәжікстан 7 орында.
Орталық Азиядағы су ресурстары жөнінде әңгіме қозғала қалса, ойға оралатын тағы бір мәселе - аймақтағы өзендердің мемлекеттер арасында географиялық орналасуына байланысты біркелкі бөлінбеуі. Мәселен, Қырғызстан мен Тәжікстан су қорларына бай мемлекеттерге, ал Қазақстан, Өзбекстан мен Түрікменстан су ресурстары аз шоғырланған елдерге жатады.
Орталық Азиядағы өзендердің басым көпшілігі өз бастауын алатын Қырғызстан мен Тәжікстанда электр энергиясы өндірісінің 70-80 пайызы су электр стансаларынан алынса, Қазақстан, Өзбекстан мен Түрікменстанда бұл қуат көзінің үлесі - 10-15 пайыздан аспайды.
Соңғы 100 жылда Орталық Азияда жылдық температураның бірнеше градусқа көтерілгені байқалады. Бұл табиғи құбылыс Қазақстан мен Қырғызстанның климатына келесі өзгерістерді алып келді: Қазақстанда жылдық орташа температура 1,4, Қырғызстанда 1,6 градусқа көтеріліп, жауын-шашын мөлшері сәйкесінше, 17 мм және 23 мм-ге азайған. Дүниежүзілік банк сарапшыларының зерттеулерінде аталған климаттық ауытқулар 2050 жылға қарай Әмудария бассейніндегі су көлемін 10-15%, Сырдариядағы су қорын 6-10% төмендетеді делінген.
Су ресурстарының ең көп пайдаланылатын бағыты - ауыл шаруашылығы саласы. Агроөнеркәсіпте пайдаланылатын техниканың ескі болуы, суару тәсілдерінің ұтымды қолданылмауы көп жылдар бойы су қорларының дұрыс игерілмей келуіне алып келді. Жаһандық мәселеге айналған Арал экологиясының да ең әуелі осы ауыл шаруашылық егістіктеріне суды жолдан бұрып алып, есепсіз пайдаланудан басталғаны бәрінің есінде шығар?!
Осы қалыптасқан жағдайды өзгертіп, сындарлы болжамдарды шындыққа айналдырмас үшін, Орталық Азия мемлекеттерінде қазір тамшылатып суару сынды үнемді әдістер қолданысқа енгізілді. Бүкіл әлемдегі судың 29 пайызға жуығын қажет ететін өндірісте де бір қолданған суды қайта пайдалану технологияларын енгізу - жоғарыда көрсетілген рейтингтегі көшбасшылықтан түсуге оң ықпал етері сөзсіз.