Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары Астанада «Millenium Park-2» (14-блок, 2-таңба) тұрғын үй кешеніндегі салынып жатқан пәтерлерді сатып алушылардың пулына қатысу үшін өтініш бере алады, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
Кешен Астанадағы Тәуелсіздік алаңының маңында «Өз үйім» бағдарламасының бойынша салынып жатыр. Құрылыс 2018 жылы ақпан айының соңында аяқталады деп жоспарланған. Ал қазір банк клиенттері үлескерлік құрылыс қатысушысы атанып, тұңғыш рет болашақ пәтерді кепіл ретінде пайдалана отырып несие ресімдей алады.
Үлескерлік жобаға қатысу қауіпсіздігін Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) қамтамасыз етеді. Ұйым құрылыс жүргізушілермен қажет келісім-шарт бекітті. Кепіл жағдайы туындаса, яғни құрылыс иесі банкротқа ұшыраса, ақша мақсатсыз жұмсалса, пайдалануға беру мерзімі сақталмаса, Кепілдендіру қоры құрылысты аяқтайды.
«Millenium Park-2» (14-блок, 2-таңба) тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер негізгі даярлығы аяқталған түрде болады және жайлылықтың 4-класына сай келеді. Барлығы банк клиенттеріне 100 пәтер бөлініп отыр. 1 шаршы метрінің бағасы 290 000 теңгені құрайды. Бұл – ТҮҚЖБ салымшыларына арналған арнайы баға, аталған пәтерлердің нарықтағы құны бұдан әлдеқайда жоғары.
Пәтер сатып алу пулына қатысу туралы өтінішті 2017 жылдың 27 қыркүйегіне дейін беруге болады. Ол үшін ТҮҚЖБ интернет-ресурсындағы «Жеке кабинет/Интернет-банкинг» бөліміне кіру қажет. Өтініш берген кезде салымшының шотында кем дегенде 500 000 теңге болуы тиіс. Банк клиенті пәтер сатып алу пулына кіріп жатса, төлем қабілеттілігін растау сәтінде оның депозитінде үй бағасының 50%-ы болуы керек. Жетпейтін соманы банк жылдық мөлшерлемесі 3,5-5% болатын тұрғын үй заемы немесе жылдық мөлшерлемесі 7,5-8,5% болатын аралық заем түрінде береді.