АҚШ-тың Техас штатында болып жатқан Харви дауылынан зардап шеккен қазақстандықтар жоқ. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов мәлімдеді.

"Техас штатындағы Харви дауылына байланысты АҚШ-тағы қазақстандық дипломаттар осы аймақта тұратын қазақ диаспорасының белсенділерімен тығыз байланыс орнатып отыр. Қазіргі кезде бірнеше жүз қазақстандық төтенше жағдайда болуы мүмкін", - деп жазды ол фейсбук парақшасында.

Оның сөзінше, Уашингтондағы Қазақстан консулдығының байланыс телефоны бойынша ақпараттар таратылған. Қазіргі уақытта зардап шеккендер арасында қазақстандықтар туралы ақпарат тіркелмеген.

Айта кетейік, АҚШ-тың Техас штатында басталған Харви дауылы қауіпті 4-деңгейге жетіп, нөсер жаңбыр мен екпіні қатты желдің әсерінен ағаштар құлап, жергілікті халық жарықсыз қалды.  Ауа-райы болжамына жауапты мамандар "дауыл дәл осы екпінмен тағы бір аптаға не бір айға ұласса, Техас штаты адам мекендеуге жарамсыз аймаққа айналуы мүмкін" деп хабарлады.

“The Qazaq Times”