Қытайдың Сауда министрлігі жұма күні кешке Солтүстік Корея кәсіпорындарына қытайлық кәсіпкерлермен бірлескен жаңа жобаларды жүзеге асыруға тыйым салатын құжатқа қол қойды. Бұл шешім БҰҰ-ның барлық әлем мемлекеттерінен Солтүстік Кореямен экономикалық байланыстарды үзуді талап ететін  резолюциясы аясында қабылданып отыр. Аталған ақпаратты Әл-Жазира ақпараттық агенттігі таратты.

Министрліктің сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Қытайдың кәсіпкерлік субъектілеріне Солтүстік Корея азаматтарымен бірге заңды тұлғаларының қатысуымен бизнесін кеңейтуге, жаңа жобалар бастауға, басталған әріптестікті жалғастыруға тыйым салынады.

Сондай-ақ Қытайдың инвесторлары Солтүстік Корея экономикасына қаржы құя алмайды. Аталған шешім бірден күшіне енетіні хабарланды.

БҰҰ, АҚШ, Қытай, Жапония мен Ұлыбританияның КХДР-ға қарсы салып отырған санкциялары экономикалық қысым көрсету арқылы Солтүстік Кореяны ядролық қарудан бас тартқызуға бағытталған.

“The Qazaq Times”