Павлодарда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 106 салымшысы «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы пәтер кілтін алды. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады. 

Банктің мәліметінше, «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында 9 қабатты екі үй пайдалануға берілген. Бір шаршы метрінің бағасы 140 000 теңгені құрайды. Баспанаға ие болу үшін банк клиенттеріне пәтер құнының 30%-на тең соманы есеп-шоттарында жинау керек. Жетпейтін қаражатты ТҮҚЖБ жылдық мөлшерлемесі жеңілдікті 5%-ды құрайтын заем түрінде береді.

Жаңа пәтер иелеріне кілтті облыс әкімі Болат Бақауов пен ТҮҚЖБ Павлодар облыстық филиалының директоры Талғат Байылов тапсырды.

Банктің ақпаратынша, қазіргі уақытта Павлодар облысының әрбір 15-ші тұрғыны үйге деп ақша жинайды. Жинақ қорының жалпы сомасы 21,6 млрд теңгені құрайды. Олар үшін жақын уақытта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің желісі бойынша қолжетімді бағамен тағы 755 пәтер салынатын болады.

Сонымен қатар аймақта «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында жеке тұрғын үйлердің құрылысы басталды. Қазір арнайы осы жоба үшін Павлодарда, Ақсуда және Екібастұзда 1 430 жер телімі бөлініп отыр.

“The Qazaq Times”