Венесуэла Президенті Николас Мадуро елдегі әскери базаға шабуыл жасаған 10 адамға іздеу салынғанын хабарлады. Оның ақпаратынша, Венесуэланың солтүстік-батысында орналасқан Валенсия қаласындағы әскери базаға жасалған шабуылға 20-ға жуық адам қатысқан. Олардың екеуі оқиға орнында көз жұмып, біреуі жараланған, қалған жетеуі абақтыға жабылды. Енді қолдарына қару ұстап, белгісіз бағытта ізін суытқан тағы 10 адамға іздеу жарияланды.
Бұдан бұрын әлеуметтік желілерде бірнеше ер азаматтардың : «Біз тиранияға қарсы бас көтереміз» деген бейнежазбалары жарияланған болатын. Николас Мадуро ұлттық арнадан халыққа жолдаған үндеуінде ел әскеріне жедел әрекет еткендері үшін алғыс білдіріп, болған оқиғаны «террорлық акт» деп атады. Сондай-ақ мемлекет басшысы іздеудегі қылмыскерлерді міндетті түрде тауып, тиісті жазасын тартқызуға уәде берді.
Ресми дерек көздеріне сүйенсек, шабуылшылардың бірі бұрынғы лейтенант, ал қалғандары әскери форма киген бейбіт тұрғындар болған. BBC ақпараттық агенттігі журналистері соңғы төрт ай бойы елде жалғасып келе жатқан халықтық көтерілістер кезінде, ел әскері Президент Николас Мадуроға адалдықтарын бірнеше рет дәлелдегендерін айтады.
Сонымен қатар: «Дегенмен, әскерилер де қарапайым адамдар. Олардың да жанұясы бар және елдегі болған өзгерістер мен дағдарыстар әскерилердің отбасыларына әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан, соңғы кездері әскерилердің арасында кереғар көңіл күй қалыптасып келе жатыр», - деп мәлімдеген BBC ақпараттық агенттігі Валенсияда болған оқиғаға қатысқандардың қатарында бір ғана әскери болды дегенге күмән келтіреді.
Олардың пікірінше, 20 шабуылшының басым көпшілігі әскерилер болғанына қарамастан, Николас Мадуро Үкіметі бұл жайтты жасырып отыруы мүмкін.