2017 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша зейнетақы жинағының жалпы сомасы 7,14 трлн. теңгені құрады, бұл жыл басындағы сомадан 450 млрд теңгеге (немесе 6,3%-ға) көбірек. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлады.

"Бүкіл зейнетақы жинағының басым бөлігі, яғни 98,3%-ы міндетті зейнетақы жарнасы есебінен құралды. Осы тұста 2017 жылдың бірінші жартысындағы түсімнің жалпы сомасы 364,9 млрд. теңгені құрады.Алдыңғы жылғы көрсеткішпен салыстырар болсақ, өткен жылдың тура осындай кезеңінде зейнетақы жарнасы 221,8 млрд. теңгені құраған, яғни бұл сома 64,5%-ға өсіп отыр", делінген баспасөз хабарламасында.

2017 жылдың 6 айы ішінде салымшыларға (алушыларға) тиесілі 201,3 мың жеке зейнетақы шоты  (ЖЗШ) ашылды. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесіндегі жағдайға сәйкес шарттардың барлығы бойынша ашылған ЖЗШ жалпы саны 10,07 млн. бірлікті құрады.

БЖЗҚ-ның 2017 жылдың 6 айы ішінде төлеген зейнетақы төлемдерінің сомасы  121,25 млрд теңге құрады, өткен жылдың тура осындай кезеңінде бұл сома 96,59 млрд болған, яғни өсім 25,5%-ды құрады. Осы бүкіл соманың ішіндегі 86,6 млрд. теңге (немесе 71,4%-ы) зейнетақы жасына жеткен кезде төленетін зейнетақы болса, 14,7 млрд. теңге (немесе 12,1%) сақтандыру ұйымдарына аударылған зейнетақы жинақтары, 9,7 млрд. теңге (немесе 8%) шетелге тұрақты тұруға кетуге байланысты жасалған төлемдер, 10,3 млрд. теңге (немесе 8,5%) басқа да біржолғы төлемдер (мұрагерлерге және жерлеу үшін) болып табылады.

2017 жылдың бірінші жартысындағы таза инвестициялық табыс сомасы 205,69 млрд. теңге құрады. Сөйтіп 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 маусымы аралығындағы кезеңде салымшылардың (алушылардың) шотына үлестірілген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің табыстылығы инфляцияның 3,7%-ға тең деңгейінде 3,01%-ды құраған.

2017 жылдың 6 айы ішінде БЖЗҚ-ның жеке қызмет көрсету орталықтарында барлығы 2,9 млн-ға жуық операция жүргізілді, яғни БЖЗҚ кеңселерінде тұрғындарға арнап күніне 25 мыңға жуық қызмет (операция) көрсетіледі.

Айта кетейік, 2017 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша БЖЗҚ проблемалы активтерінің көлемі 40,5 млрд теңгені құраған және ол 21 эмитентке тиесілі екенін мәлімдеген.

“The Qazaq Times”