«Алматы - Бішкек» автожолының 786-790 шақырым учаскесі, яғни «Алтын Орда» базары маңындағы 3,8 шақырымдық жол кеңейтіледі. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Байжановтың мәліметінше, осы маңдағы көлік кептелісін шешу үшін облыс әкімдігінің ұсынысымен үкімет тарапынан қолдау тапқан жоба 2017 жылы жүзеге асырыла бастайды. Күрделі жөндеу барысында жол үсті көпірлері мен жол бұрылыстарын салу қарастырылмақ.
Ал «КазАвтоЖол» мекемесінің Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрхат Ақылтаевтың айтуынша, «Алтын Орда» базары маңындағы автожол арқылы тәулігіне 50 мың автокөлік жүреді. Мұндағы кептеліс мәселесін шешу мақсатында жолдың 16-19 шақырым аралығы 8 және 10 жолақты болмақ. Оның екі жолағы транзиттік көліктерге арналса, екі жолағы жергілікті маңға жүретін көліктерге, ал бір жолағы қоғамдық көліктерге арналады. 16-шы шақырымда бұрылыс эстакадасы қарастырылады.
Жобаның екінші кезеңінде 18 мың тұрғыны бар «Асыл Арман» ТК тұрғындарының өтініші бойынша аталған кешеннен қалаға бұрылатын «Труба» типті жер үсті жолы салынса, сонымен қатар Райымбек ауылы тұсында тағы бір, жоба бойынша төртінші жер үсті жолы қарастырылатын болады. Екі кезеңінің де жобасын «АстанаСтройПроектСервис-М» ЖШС дайындауда.
Жобаны толық жүзеге асырудың алдын ала есептеу бойынша құны 12 млрд теңгеге жуық деп жобаланып отыр. Биылғы жылға 800 млн теңге бөлінген. Күрделі жөндеу жұмыстары 2019 жылы толығымен аяқталады деп жоспарланған.
Айта кетейік, қазіргі кезде Алматы қаласына сырттан бейресми ақпарат бойынша 300 мыңнан аса көлік келеді. Ал бұл қаладағы кептелісті арттырмаса азайта қоймайды. Тиісінше, қалада сырттан келетін көліктерді қалдырып, қажетті жерлерге басқа қоғамдық көліктермен қатынауға жағдай жасалмаған. Тек жолды кеңейте беруден асып жатқан жоқпыз.