1903 жылдың 17 желтоқсанында Солтүстік Каролинаның дүниенің төрт бұрышынан бірдей жел соғатын жағажайында ағайынды Райттар 100 секундтан аса уақыт бойы ауадан да ауыр, өздігінен қозғалатын аппараттың ұша алатынын дәлелдеді. Бұл аса маңызды сәт еді әрі оның тарихилығын көп адам сезінді. Мұның өзі басқарылатын ұшақтың осы жаңа технологиясына деген үлкен қызығушылық тудырды және әуеде ұшу саласын игеруге қызығушылар топ-топ болып көбейді.
Ағайынды Райттар ұшақты ойлап тапқанға дейін, меншік туралы америкалық заң бойынша, меншік иесі өз иелігіндегі жерге ғана емес, оның байлықтарына және сонымен қатар сол жер үстіндегі әуе кеңістігіне де ие болатын. Ғалымдар көптеген жылдар бойы жерге деген иелікті қайткен күнде жақсылап нақтылауға болатын әрі жер иесін оның үстіндегі аспанға да ие ететін меншік заңын ойластырып, бас қатырды. Бұл меншік иесі жұлдыздарға да ие дегенді білдіре ме? Ал сол әуе кеңістігін үнемі кесіп ұшатыны үшін қаздарды сотқа беруге бола ма?
Осылай деп жүргенде ұшақтар пайда болды да, міне, осы сәттен бастап америкалық құқық қағидалары алғаш рет аса айтулы маңызға ие болды. Дәстүрімізден терең тамыр тартатын бұл қағидаларды өткен кезеңдегі біздің көптеген көрнекті заңгерлеріміз мойындаған болатын. Егер менің меншігім аспанға дейін созылатын болса, онда менің егістігімнің үстімен ұшып өткен United әуе компаниясына не істеуім керек? Оған менің меншік иелігімнің үстінен ұшуға тыйым сала аламын ба? Айталық, Delta Аirlines-пен лицензияланған келісімшарт жасай аламын ба? Осы құқықтың бағасын айқындау үшін аукцион ұйымдастыра аламын ба?
Бұл сауалдар 1945 жылы федералды сот қарастырған даулы мәселелердің бастылары болды. Солтүстік Каролина фермерлері Томас Ли мен Тайми Косбидің тауықтары әскери ұшақтардың тым төмен бауыр-
лап ұшуынан қырыла бастағанда (шошынған тауықтар тауыққора қа-
бырғасына соқтығып қырылып қалған) Косбилер сотқа шағым түсірді әрі шағымда үкіметтің олардың меншік аумағына қол сұққанын атап көрсетті. Ұшақтар, әрине, Косбилердің жеріне қонған емес. Ал бірақ Блэкстоун, Кент, Каук сынды белгілі адамдар нақтылап кеткендей, «жердегі меншік аумағы оның үстіндегі аспан әлемінің шексіздігіне дейін созылатын» болса, онда үкімет шынымен де фермерлер жеріне рұқсатсыз енген болып тұр. Сондықтан да Косбилердің осы заңсыздықтарды тоқтатуды талап етуі заңды. Косбилердің ісін қарауға Жоғарғы сот келісім берді. Конгресс әуе жолдарын қоғамға ортақ деп жариялады, бірақ меншік көлемі аспан кеңістігіне дейін созылады деген заңдылықты еске алсақ, онда Конгресс декларациясы қалыптасқан Конституцияға қайшы болып шығады және меншікке ешбір өтемақысыз-ақ қол сұғу болып табылады. Сот «меншікке жердің аумағы және оның үстіндегі аспан кеңістігі де кіретіні туралы жалпы заң доктринасын ескірді» деп мойындады. Бірақ судья Дуглас ежелгі доктринаны жақтыртпағаны соншалық, жүздеген жылдар бойы қалыптасқан меншік туралы заңды бір ғана азат жолмен жоқ етті. Ол қаулыда былай деп жазды:
«Қазіргі заманда бұл доктринаға орын жоқ. Конгресс қаулы еткендей, әуе кеңістігі қоғамның ортақ игілігі болып табылады. Егер бұлай болмаған жағдайда, әрбір трансконтиненталды ұшудың нәтижесінде әуе тасымалдаушысы сотқа түскен шағымдардың астында қалатын болып шығады. Бұл ақылға сыйымсыз. Әуе кеңістігіне жеке меншіктікті мойындау – әуе көлік жолына кедергі келтіріп, әуе жолдарын басқару және бүкіл қоғам мүддесі жолында авиацияның дамуы мүмкіндігінен айырады, сонымен қатар негізінен заң бойынша бүкіл қоғамға тиесілі дүниені жекенің игілігіне айналдырады».
Бұл ақылға сыйымсыз.
Міне, құқық қашанда осылай жұмыс істейді. Әрине, үнемі осылайша қатты кетпейді әрі асығыс қабылданбайды, бірақ ақырында дәл осылай жұмыс істей бастайды. Дуглас шешімді көп жалтақтап, ойланып-толғанып жатпастан бірден қабылдайтын. Өзге судьялар, Дугластың «Бұл ақылға сыйымсыз» деп бір жолмен ғана жеткізгеніндей қорытындыға келуі үшін бірнеше бет пікір жазар еді. Бірақ қанша бет жазылсын мейлі, біздікіндей құқықтық жүйенің негізгі рухы заңның заманауи технологияға бейімделетінінде болып табылады. Және де заң, бейімделе отырып, өзгереді. Бір кездері мәңгілік жартастай мықты болған заңдылықтар келесі заман ағымында быт-шыты шығып құлайды. Шын мәнісінде сот: «Косбидің меншік құқығы жер мемлекет пайдаланған кезде құнсызданып қалған жағдайда ғана бұзылған болып саналар еді» деген қаулы шығарды. Бұл мысалды мен Кит Аокидің «Зияткерлік меншік және тәуелсіздік: авторлықтың мәдени жағрапиясы бойынша жазбалар» атты туындысынан алдым).
Егер де мұндай өзгерістерге қарсы шығатындар анау айтқан ықпалды тұлға болмаса бәрі де осылайша жалғаса бермек-ті. Косбилер қарапайым фермерлер еді. Олар сияқты өзге де көптеген жан әуе қозғалысының артып келе жатқанына наразылығын білдіргенімен, әлемнің барлық косбилері бірігуі және прогресті тоқтатуы, ағайынды Райттар жасап шығарған технологияға тыйым салуы мүмкін емес еді. Ағайынды Райттар ұшақты техникалық идеялардың қайнап тұрған қазанына салып жіберді, содан кейін олардың технологиясы тауық қорадағы вирус сынды тез таралды.
Косби сынды фермерлер ағайынды Райттардың ұшағы «ақылға сыйымды» дүниелерді өзгертіп жіберген жағдайда қалды. Олар өз фермаларында отырып осы бір сәнді жаңалықтар үшін армансыз ашу шақырып, жұдырықтарын түйіп ызалана алар еді. Олар өз конгресмендерінен көмек сұрасын, тіпті сотқа да шағымдансын мейлі, бірақ нәтижесінде бәрібір, жоғарыда айтылып өткен, жұрттың бәріне айдан анық «ақылға сыйымды» дүниені жеңе алмады. Олардың «жеке мүддесі» ешқашан да көзге анық көрініп тұрған «қоғам мүддесінен» жоғары тұруына мүмкіндік берілмеді.
Эдвин Говард Армстронг – Американың әділетсіз ұмыт қалған, кемеңгер өнертапқыштарының бірі. Ол америкалық жаңашылдар сахнасында Томас Эдисон, Александр Грэм Белл сынды алыптардан кейін бірден пайда болды. Оның технологияның дамуына қосқан үлесі радио пайда болғаннан кейінгі алғашқы 50 жылда мейлінше маңызды болды. Ол 1831 жылы кітап түптеушінің көмекшісі бола жүріп электрлік индукцияны ашқан Майкл Фарадейден әлдеқайда жақсы білім алды. Алайда Армстронг радио жұмысының қағидаттарындағы ең бір көзге көрінбес, қолға ұстатпас ұсақ-түйектің бүге-шігесіне дейін білетін. Ол радио саласын әлдеқайда алға жылжытқан негізгі және маңызды үш жаңалық ашты. 1933 жылы Рождествоның ертеңіне Армстронгқа аса маңызды өнертабысы – жиілікті модуляциялы радио (FM) үшін 4 патент берілді. Бұған дейін қалың көпшілікке амплитудалық модуляциялы радио ғана қолжетімді болатын. Сол кезең теоретиктері жиілік модуляциясындағы радио ешқашан жұмыс істемейді деп сендіретін. Олардың спектрдің жіңішке сызығы туралы ойы дұрыс та болатын. Ал Армстронг болса жиілік модуляциясындағы радио, берілетін сигналдың қуаты және атмосфералық шуылы едәуір кем бол-
ған жағдайда, спектрдің жалпақ сызығы арқылы сыңғырлаған таза сиг-
нал бере алатынын тапты.
1935 жылдың 5 қарашасында ол өзінің ойлап тапқан технологиясын Нью-Йорктегі «Эмпайер Стейт» үйінде орналасқан радиоинженерия институтында көрсетті. Ол радиоқабылдағыштың барлық амплитудалық модуляциясы арқылы жұмыс істейтін арналарын бұрап шығып, со-
ңында осыдан 17 миль қашықтықтағы станциядан жіберіліп отырған трансляцияны орнықтырды. Кенет радио үнсіз қалды, бейне бұзылып қалғандай, бірер сәттен соң радиоқабылдағыштан бұрын ешкім естімеген саф таза дауыспен диктор сөйлей жөнелді! «Бұл Нью-Йорк штатындағы Йонкерсте орналасқан, жиілік модуляциясында және 2,5 метрлік толқын-
да жұмыс істейтін W2AG әуесқой станциясы».
Аудитория бұрын мүмкін емес деп жүрген жаңалықпен танысты.
«Йонкерстегілер микрофон алдында тостаққа су құйып еді, құйылып жатқан су сарылы естілді... Бір параққағазды мыжғылап жыртып еді – барлығы да алдымен мыжғыланып, сонсоң жыртылған қағаз дыбысын естіді. Күйтабақтан Соуздың марштары ойналды, фортепьяно мен гитарада жеке нөмірлер орындалды... Музыканың табиғи күйінде таза естілгені сонша, радиодан мұндайды бұрын-соңды ешкім естімеген еді».
Ақылға сыйымды деп қарастырсақ, Армстронг тамаша радио ойлап тапты. Бірақ сол кезеңде Армстронг амплитудалық модуляциялы трансляциясы саласында басымдық танытып жүрген RCA компаниясында жұмыс істеп жүрген болатын. 1935 жыл қарсаңында бүкіл Құрама Штаттар аумағында мыңдаған радиостанция жұмыс істеді, алайда барлық ірі қалалардағы хабар таратқыш желілер аз ғана компаниялардың қолына жинақталған-тын.
RCA президенті, Армстронгтың досы Дэвид Сарнофф, ғалымның амплитудалық модуляцияда таза сөйлейтін радио ойлап табуын асыға күткен еді. Сондықтан да Армстронг оған дыбысты таза беретін құрылғы ойлап таптым дегенде қатты қуанды. Бірақ Армстронгтың өз өнер табысын жария еткені сол-ақ екен, Сарноффтың қуанышы су сепкендей басылды.
«Мен, Армстронг біздің амплитудалық модуляциялы радиосындағы шуылды тазалайтын фильтр ойлап табатын шығар деп үміттенген едім. Мен оның революция бастап, RCA-мен бәсекелесетін, шайтан алғыр шексіз-шексіз индустрияны туындатады деп күтпеген едім».
Армстронгтың өнертабысы RCA-ның амплитудалық модуляциялы империясына қауіп төндірді. Сондықтан компания қолынан келгенше барлық тәсілдерді қолдана отырып, жиілік модуляциясында жұмыс істейтін радионы тұншықтыра бастады. FM – ғажайып технология бола алар еді, алайда Сарнофф тамаша тактик болатын. Бұл оқиғаны бір автор былай суреттейді:
«FM-ді қолдаушылардың, негізінен, инженерлердің күші – маркето-
логтардың, патент беретін бюролардың, заң кеңселерінің страте-
гиялық күш-қуатына қарсы тұра алмады. Ал соңғыларының бәрі жа-
былып қоғамға пайда әкелетін, бірақ корпоративті мүдделеріне қай-
шы, яғни жеке компанияларға шығын әкелетін осы жаңалықты басып тастауға бар күш-қайратын жұмсады. Егер де FM радионың дамуына кедергі жасалмағанда, бұл радиоиндустриядағы күштердің толығымен қайта бөлініске түсуіне әкеліп соғар еді де... ақыр соңында бүкіл құдіреті жан-жақтан толығымен заңмен қаруланып қорғалған амплитудалық модуляциялы радиосының түбіне жетер еді, ал RCA -ның барлық құдірет күші осы радионың негізінде құрылған-тын.
RCA алғашында зерттеу әлі толық аяқталған жоқ, сондықтан оны ары қарай жалғастыру керек деген желеумен, технологиямен ешкіммен бөліспеді. Екі жылға созылған зерттеулерден кейін Армстронгтың төзімі таусылғанда жиілік модуляциясындағы радионың кеңінен таралуына жол бермеу үшін RCA үкіметтегі ықпалын пайдалана бастады. 1936 жылы RCA АҚШ-тың байланыстар жөніндегі Федералдық комиссияның (FCC) бұрынғы жетекшісін жалдап, оған комиссияны FM радиосына оны мүлдем естіртпейтіндей жиілік спектрін беруге, сөйтіп, оны іс жүзінде жиіліктің мүлде өзге кеңістігіне ауыстыруға көндіруді тапсырды. Алғашында бұл қимыл-қарекеттен еш нәтиже шықпады. Бірақ Армстронг және бүкіл ұлт өкілдері екінші дүниежүзілік соғыс мәселелерімен айналысып жатқанда, RCA біртіндеп дегеніне қол жеткізе бастады. Соғыс аяқталған соң көп ұзамай-ақ Федералдық комиссия барлығы бірдей анық бір мақсатқа қол жеткізуді – FM радиосын түбегейлі жоюды көздейтін бірнеше нормативтік акт қабылдады. Мұны Лоуренс Лессиг былайша баяндайды:
«Соғыстан кейін радиоалпауыттардың мүддесі үшін FCC арқылы қабылданған бірқатар қаулымен FM радиосын құртуға бағытталған бірнеше қатты соққы күші мен жауыздығы жағынан еш ақылға сыймайтын».
RCA соңғы авантюрасы – теледидарға жиілік спектріндегі орынды босату үшін FM радиосы тыңдаушыларын спектрдің мүлдем жаңа кеңістігіне ауыстырып тастады. FM радио станцияларының қуаттылығы да азайтылды, бұл енді олар бағдарламаларын елдің бір шетінен екінші шетіне тарата алмайды деген сөз еді. (Бұл шешімнің қабылдануына бар күшін салып жақтасқан АТ&Т компаниясы болды, өйткені тарату бағаналарынсыз радиостанциялар хабар тарата алмас еді, сондықтан кабельді желі жүргізуге мәжбүр болатын, ал байланыстың бұл түрін АТ&Т компаниясы сататын). Осылайша FM радиосы уақытша болса да, мүлде жаншылып қалды. Армстронг RCA-мен шамасы жеткенше күресіп бақты. Есесіне RCA Армстронгтың патенттерін сотқа берді. Теледидар стандартына арналған жаңа жиілік модуляциясының технологияларын енгізгеннен кейін RCA Армстронгтың патенттерін берілгеніне он бес жыл өткеніне қарамастан ешбір негізсіз-ақ жарамсыз деп тапты. Осының нәтижесінде автор төлемақылардан қағылды. Патенттерін қайтару үшін Армстронг алты жыл бойы заң жүзінде, қымбатқа түскен майдан ашты. Соңында, патенттердің мерзімдері біткенде, RCA Армстронгты келіссөзге шақырып, ақы төлейтін болды. Бірақ ол сома Армстронгтың адвокаттарға кеткен шығынын жабуға да жетпейтін. Бұл текетіресте оңбай жеңілген, әбден қажыған, ең соңында тақырға отырған өнертапқыш 1954 жылы әйеліне қысқа ғана хат қалдырып, 13-қабаттан секіріп кетті.
Заң кейде міне, осылайша жұмыс істейді. Мұндай трагедияларды жиі тудырмас, қаһармандық пен драматизмді сирек тудыратын заңның қолданыста осылай да болатыны бар.
Үкімет пен үкіметтік агенттіктер әуел бастан-ақ ықпалға түскіш болады. Мұндағы ең шетін сәт – құқықтық немесе технологиялық өзгерістердің біреулердің маңызды мүдделеріне зиян келтіруі болып табылады. Осы мықты мүдде өзін қорғауды талап етіп билікке тым жиі қысым көрсетеді. Әрине, бұл жағдайда олар қоғамның мүддесін алға тартады, бірақ мұның бәрі де жалған сөз. Бір кездері жартастай мығым тұрған түсініктердің өзі келесі бір дәуірде тарихи өзгерістердің негізінде құм болып үгітіледі. Алайда оларға сыбайлас жемқорлыққа батқан саяси жүйеміз көмек қолын созады. RCA да Косбилерде болмаған артықшылық – технологиялық өзгерістерге қарсы тұра алатын ықпал болды.
Ғаламторда белгілі бір өнертапқыш қана жұмыс істемейді, сол сияқты оның пайда болған нақ уақыты да көрсетілмейді. Дегенмен, қысқа мерзім ішінде ғаламтор қарапайым әрбір америкалықтың өмірінің ажырамас бөлігі болып орнығып үлгерді. Rew Internet American Life Project зерттеулеріне сүйенсек, 2002 жылы ғаламторға америкалықтардың 58 пайызының қолы жеткен. Бұл алдыңғы екі жылмен салыстырғанда 49 пайызға көп дегенді білдірді. Ал 2004 жылдың соңына қарай ғаламтор АҚШ халқының 3-тен 2 бөлігін еркін қамтуы мүмкін.
Күнделікті өмірімізге енген ғаламтор барлығын өзгертті. Техникалық сипаттағы кейбір өзгерістерді атасақ – ғаламтор коммуникация жыл-
дамдығын үдетті, ақпарат жинаудың құнын арзандатты және т.б. Бұл кітапта техникалық мәселелер қарастырылмайды. Олар сөз жоқ, маңызды мәселелер әрі оларды толық талдап, түсініп болғанымыз жоқ, бірақ ғаламтордан қол үздіңіз болды, бұл мәселелердің барлығы екінші қатарда болып шығады. Және ғаламторды пайдаланбайтындарға тікелей қатысы жоқ, қатысы болған күнде тікелей әсерге ие емес. Бұл мәселелер ғаламтор туралы кітап қарастыратын басты дүниелер. Бірақ біздің кітабымыз ол туралы емес. Керісінше, бұл кітап – ғаламторды ағытып тастағаннан кейін де оның адамдарға ететін ықпалы туралы, оның мәдениетті қалыптастыру үдерісіне тигізер әсері туралы. Мен, ғаламтор бұл үдерісте түбегейлі және бейсана өзгеріс жасады деп нық айта аламын. Ол Республиканың өмірге келуімен бірге қалыптасқан дәстүрді түбегейлі өзгертеді. Мұны түсінген көптеген адам оған қарсы шықты, өмірлерінен алшақтатып тастады. Дегенмен, адамдардың барлығы дерлік ғаламтордың бұл қатерлі қасиетін сезбейді де.
Бұл өзгерістің мағынасын, олардың әрқайсысына байланысты қол-
данылатын құқықтық нормалар аясы айқындалған коммерциялық және коммерциялық емес мәдениеттің арасындағы айырмашылықтан байқауға болады. «Коммерциялық» мәдениет деп мен, біздің мәдениетіміздің өндірілетін және сатылатын немесе сату үшін шығарылатын бөлігін танимын. Ал бұдан өзгесінің бәрін «коммерциялық емес» мәдениет деп түсінемін. Қарттарымыз саябақ орындықтарына жайғасып немесе қала көшелерінің қиылыстарындағы аядай орындарға отырып алып балалар мен үлкендерге тарихат, шежіре айтса, бұл коммерциялық емес мәдениет. Ал Ной Вебстер өзінің «Оқырманын», Джоэл Барлоу өлеңдерін баспадан бастырып шығарғанда бұл коммерциялық мәдениет болды.
Америкалық дәстүрде коммерциялық емес мәдениет әуел бастан-ақ реттелмейтін сала еді. Әрине, егер сіздің айтқан әңгімелеріңіз әдепсіз немесе әніңіз айналадағы тұрғындардың тыныштығын бұзса, бұған заң араласатын. Бірақ заң еш уақытта да мәдениеттің бұл түрінің туындауы мен таралу аспектілеріне тікелей араласқан емес. Мәдениеттің бұл қыры «еркін» болып қала берді. Өздерінің мәдениетін тарату үшін және өзара алмасу үшін адамдардың қарапайым әдіс қолдануы – қайтадан әңгімелеп беру, мазмұндау, пьеса немесе телешоудан үзінді ойнап беру, фан-клубтарға қатысу, музыка жазбаларымен алмасу құқықтық реттеуден тыс өмір сүріп келді.
Заң өзінің бүкіл назарын коммерциялық мәдениетке аударды. Заң шығармашылық ынталандыруды баста аз-аздап, ал кейіннен белсенді түрде қорғауға кірісті. Авторлар эксклюзивті құқықтарын коммерциялық нарықта сата алуы үшін оларды өз шығармашылығына деген ерекше құқықпен қамтамасыз етті. Әрине, бұл да шығармашылық қызмет пен мәдениеттің құрамдас бір бөлігі. Ал Америкада оның маңыздылығы өте жоғарылады. Дегенмен, ол біздің дәстүрімізде белең алып кеткен жоқ. Еш уақытта олай болған емес. Керісінше, ол үйлестірілген еркін мәдениеттің бағынышты бөлігі болып қала берді.
Енді еркін мәдениет пен басқарылатын мәдениеттің арасындағы бұрынғыша айқын да анық шекара жойылды.Ғаламтор бұл шекаралардың жойылуына жағдай жасады, міне, осы сәттен бастап бұл мәселеге медиоконцерндер ұйымдастырған заң араласты. Біздің дәстүріміздің тарихындағы мәдениеттің пайда болуы мен оның таралуына әсер ететін әдеттегі әдістер алғашқы рет құқықтық реттеудің қарамағына өтті. Заң, бұрын басқаруға құзыреттілігі жетпеген мәдениет пен шығармашылықтың кең саласын қамти отырып, өзінің өкілеттілігін кеңейтті. Мәдениетке деген еркін қолжетімділік пен басқарылатын қолжетімділік арасындағы тарихи тепе-теңдікті сақтап тұрған технология жойылды. Соның нәтижесінде, біздің мәдениетке қазір қол жеткізуіміз қиын, бірақ басқарылуы, шектеуі одан да көбірек мәдениетке айналып бара жатыр.
Бұл коммерциялық мәдениетті қорғау үшін керек деп ақталады. Әрине, бұл саясаттың нағыз протекционистік түрі. Бірақ менің кітабымда қарастырып отырған осы протекционизм біз білетін, барлық салаға қатар қолданылмайтын және теңгерілген протекционизм емес. Ол және тіпті де суреткерлерді қорғамайды. Керісінше, ол бір бизнестің белгілі бір түрлерін қорғайды. Ғаламтордың коммерциялық және коммерциялық емес мәдениетті де тарататын құралдардың қызметін бір өзі жалғыз атқара алатын күшінен және өзгерте алатын мүмкіндігінен үрейленген корпорациялар бірігіп, заң шығарушылардан заңдарды өздерін, яғни медиаалпауыттарды қорғау үшін қолдануды талап етіп отыр. Бұл RCA мен Армстронг туралы тарих. Бұл Косбилердің арманы.
Өйткені ғаламтор көпшілікке мәдениетті қалыптастыруға және дамыту үдерісіне қатысуына адам айтқысыз зор мүмкіндіктер тудырды. Бұл күш-қуат тұтастай алғанда мәдениетті өндіру мен өңдеу нарығында төңкеріс жасады және осы төңкеріс қалыптасып қалған контент-индустрияға қауіп төндіріп тұр. Осылайша амплитудалық модуляциялы радиосына FM радиосы қалай жау болған болса ХХ ғасырдың медиа компанияларына ғаламтор солай жау болып тұр. Немесе бұл жағдайды тағы былай суреттеуге болады: ХІХ ғасырдың темір жолдары үшін жүк көлігі қалай бәсекелес болғанын елестетіп көріңіз. Бірақ бұл бәсекелестік темір жолдың жойылуына емес өзгеріске түсірілуіне әкелді. Сандық технологиялар да ғаламтормен байланыстырыла дамытыла отырып мәдениеттің дамуына күшті ықпал ететін бәсекелестік пен алға ұмтылысы орасан нарық ұйымдастыра алады. Мұндай нарық – шығармашылықтың барынша мол түрін жасауға және таратуға қабілетті авторларды мейлінше мол сыйғыза алар еді. Ал кейбір факторларға байланысты бұл авторлар бүгінгісіне қарағанда орта есеппен алғанда қазіргіден әлдеқайда көп табыс табар еді. Біздің заманымыздың RCA-лары заңды өздерінің мүдделерін қорғау үшін пайдалануын бастамаса бұл жағдай осылай сақталады.
Алайда кітаптың келесі тарауларында көрсетілетіндей, қазіргі таңда біздің мәдениетіміз тап осыны бастан кешуде. ХХ ғасырдың басындағы радиокомпаниялардың немесе 1971 жылдың темір жолдарының мұ-
рагерлері өз қолдарындағы барлық мүмкіндіктері мен ықпалдарын пайдалана отырып, заңды өздерін қорғауға мәжбүрлеп отыр. Олар өздерінің жеке мүдделерін мәдениет дамуына ықпал ететін пайдалы, прогрессивті технологиялардан биік қойып отыр. Әзірге ғаламтор олар-
дың өздерін өзгертпей тұрғанда, олар ғаламторды өз ыңғайына қарай өзгертіп отыр.
Мен асыра айтып отырмын деп ойламаймын. Копирайт пен ғаламтор үшін күрес көбіне тым алыс жатқан бұлыңғыр мәселе болып көрінуі мүмкін. Ал бұл тартысты бақылап отырғандар үшін бар мәселе мына бір қарапайым сауалдарға келіп тіреледі: «қарақшылықты» заңдастыру керек пе әлде «меншікті» қорғау керек пе? Ғаламтор технологияларымен жүріп жатқан «соғыс» (Америка кинематография ассоциациясының президенті Джек Валенти мұны «өзінің лаңкестікке қарсы жеке меншік соғысы» деп атайды) бейне бір заңсыздыққа қарсы әрі меншікке деген құрметке
қол жеткізу үшін күрес сияқты болып көрінеді. Көптеген адам бұл тартыс-
та қай жаққа шығатыныңызды шешу оңай, ол үшін меншікті жақтайсыз ба немесе оған қарсысыз ба – осыны анықтап алсаңыз болғаны, – деп ойлайды.
Егер бәрі осылай оңай болса, мен Джек Валентиді және контент индустриясын жақтар едім. Мен де меншіктің құрметтелуін жақтаймын, әсіресе, мистер Валенти маңыздана «интеллектуалды» деп атайтын түріне жаным ашиды, әрине. «Қарақшылық» – теріс дүние, ал дұрыс құрылған заң оны қайда болса да, желіде ме, желіде емес пе – бәрібір тауып, жазаға тартуы керек.
Бірақ осы бір қарапайым түсініктердің астарында бұдан да ауыр әрі өте маңызды өзгерістер жасырынып жатыр. Егер біз оларды жақсылап ой елегінен өткізбесек, ғаламторды «қарақшылықтан» тазарту жолындағы майдан – біздің мәдениетімізді ғасырдан ғасырға сақтап, алып келе жатқан негіздердің күл-талқан болуына әкеле ме деп қорқамын. Біздің жүз сексен жылдық республикалық құрылымымыздың дәстүрлеріне негізделген бұл құндылықтарымыз – авторларға біздің өткен кезеңдеріміздің игіліктерін іргетас ете отырып, еркін шығармашылыққа кепілдік берді және шығармашылық иелерін заңның әділетсіздіктерінен қорғады. Профессор Нил Нетангел айтқандай копирайт туралы жақсы теңгерілген заң авторларды жекелеп бақылаудан қорғайды. Осы себепті де біздің дәстүріміз кеңестік те, меценаттық та болған жоқ. Керісінше, ол авторларымыз мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтіп, дамыта алатындай ауқымды кеңістік алып берді.
Осыған қарамастан құқық ғаламтор және онымен байланысты технологиялық өзгерістерге Америкадағы шығармашылық қызметті реттейтін ережелерді қатайтуымен «жауап қатты». Бізді қоршаған мәдениетті дамыту немесе сынау үшін біз енді Оливер Твист сияқты алдымен рұқсат сұрауымыз керек болды.
Әдетте рұқсатты әрине, береді. Бірақ сыншылар мен тәуелсіз авторларға рұқсатты тым сирек береді. Біз өзімізше мәдени ақсүйек, ығай мен сығайлар ортасын құрып алдық. Бұл ақсүйектер ішкені алдында, ішпегені артында өмір сүрсе, өзге авторлар күндерін әрең көріп жүр. Бірақ атап айтатын нәрсе – ақсүйектіктің қай түрі болсын біздің дәстүрімізге жат.
Мен айтқалы отырған тарих – соғыс туралы. Әңгіме «бүкіл маңыздының бастауында тұрған технологиялар» туралы емес. Өз басым құдайға – сандық болсын мейлі, өзге болсын сенбеймін. Мен белгілі бір тұлғаны немесе адамдар тобын ардан безгендер дегелі де отырған жоқпын, себебі мен әзәзілге де, ол бір адамның ісі немесе топтың ісі болсын сенбеймін. Бұл ақылгөйлік емес. Бұл индустрияға қарсы жиһадқа шақыру да емес. Керісінше, бұл – жай ғана бағдарламалық кодтардан әлдеқайда алысқа кеткен интернет-технологиялар тудырып отырған алапат соғыстың үміт қалдырмайтынын зерделеуге ұмтылу. Осы текетіресті зерделеген соң келісімге келудің жолдарын табуға болады. Ғаламторлық технологиялар айналасында айтыс-тартыстарды жалғастыра беруге дәлелді себептер де жоқ. Олай еткен жағдайда біздің дәстүріміз бен мәдениетімізге зор нұқсан келеді, әрине, егер мәдениетіміз бұл сыннан өте алса. Біз бұл соғыстың түп себептерін іздеп табуымыз керек. Бұл тартыстың шешімін табу керек.
Косбилердің дау-шары секілді, бұл соғыс бір есептен, «меншік» үшін болып жатыр. Бұл соғыстағы меншік Косбилердікі сынды қолға ұстап көретін нәрсе емес және бір де бір балапан зардап шеккен жоқ. Алайда бұл «меншікке» деген көбіміздің көзқарасымыз Косбилердің өз меншіктеріне деген көзқарасымен бірдей. Біз бен сіз – тап сол Косбилерміз. Бүгінгі күнде «интеллектуалды меншік» иелерінің тым шектен шыққан талаптарына көбіміз мойынсұнып кеттік. Ал кейбіріміз Косбилер сынды бұл талаптарды қате деп есептейміз. Яғни, сол фермерлердің ізін ала отырып, біз жаңа технологиялардың біздің меншігіміздегі дүниелерге қол сұқпауын талап етеміз. Косбилер сияқты, біз үшін де ғаламтор технологиялары біздің әу бастан-ақ заң қорғаған «меншігімізге» баса көктеп еніп бара жатқаны айдан анық болып отыр.
Олар үшінде, біз үшін де басы ашық жайт – осы заңсыздықтарды тоқтатуға заң араласуы қажет. Әрине, ақылдылар мен технократтар өздерінің армстронгтық және райттық технологияларын қорғағанда, көпшілік оларды соншалықты бір жақтай қоймайтыны анық. Жөн-жосық бұған қарсы шықпайды. Байғұс Косбилер оқиғасымен салыстырғанда, ақылдың өзі бұл соғыста меншік иелерінің жағына шығады. Ал жолы болғыш ағайынды Райттарға қарағанда, ғаламтор өз революциясын туғызған жоқ.
Мен ақылға салған адамға дұрыс бағыт сілтеуді жөн көрдім, мақсат етіп қойдым. Мен осы бір «интеллектуалды меншік» атты идеяның адамдарға әсері ұлғайған үстіне ұлғайып бара жатқанына әрі ең бастысы оның саясаткер болсын, жай қарапайым адам болсын сыни ойлау жүйесін мүлде жойып жіберетініне көз жеткізіп, таңғалдым. «Мәдениетіміздің» осыншалықты мол бөлігі біреудің «меншігіне» айналуы біздің тарихымызда еш уақытта болмаған дүние. Сонымен қатар мәдениетті пайдалануға рұқсат беру билігінің орталықтандырылуын қоғам тап қазіргідей еш шүбәсіз қолдау жағдайы да болған емес.
Неліктен? – деген сауал туындайды. Әлде бұл біздің идея мен мәдениетке деген абсолюттік меншіктің құндылығы мен маңыздылығының шын мәнінде басымдығын сезінгендіктен бе? Әлде бұл бұрыннан бері келе жатқан, басқаруды сүймейтін мәдениетіміз өзгерді деген сөз бе, яғни мәдениет туралы түсінігіміз қате болғандықтан ба?
Мүмкін идея мен мәдениетті толығымен меншіктеп алу біздің заманымыздың RCA-ларына шашетектен пайда әкелетіндіктен және біз әлі зерделеп болмаған ұғымымызға жауап беретіндіктен шығар. Еркін мәдениет дәстүріндегі мұндай күрт бетбұрыс, құл иеленушілікке қарсы қантөгіс соғыстан кейінгідей, өткеннің қатесін түзету болып табыла ма немесе теңсіздікті қазіргідей біртіндеп жою кезінде жүріп жатыр ма? Әлде құбыланы осылайша бірден өзгерту – ат төбеліндей алпауыттардың саяси жүйені озбырлықпен басып алуының кезекті бір көрінісі ме?
Ақылға сыйымды, жөн-жосық дегеннің шектен шығатыны соншалық-
ты – шынымен де соларға арқа сүйей ме? Әлде Армстронг пен RCA жағдайындағыдай, қай жақ күшті болса – сол басымдық алуы ақылға сыйымды, сол жөн болып санала ма? Мұндай жағдайларда жөн-жосық дегеніңіз сырттай бақылаушы ғана болып қала бере ме?
Мен жұмбақтап отырған жоқпын. Өзімнің жеке көзқарасым әлдеқашан айқындалған. Мен ақылға сыйымды дүние, жөн-жосық Косбидің экстремизмін жеңіп шығуы тиіс болғанына сенімдімін. Менің анық білерім сол – бүгінгі таңда «интеллектуалды меншік» дегенді жақтаушылардың қисынсыз талаптарына қарсы шықса бұл ақылға сыйымды, өте орынды болып шығады.
Бүгінгі таңда «меншік» туралы қабылдаған заңдар егер Косбилер заманында шерифтің ұшақты бөтен біреудің меншігінің үстінен ұшып өткені үшін тұтқынға алған жағдайдағы ақымақтығынан өткен сорақы. Бірақ осы сорақылық, ақымақтықтың соңы ауыр қателіктерге соқтыруы мүмкін.
Қазір бар тартыс негізінен екі негізгі ұғым - «қарақшылық» және «меншік» ұғымдарының төңірегінде жүріп жатыр. Кітабымның келесі бөлімдерінде мен осы аталған екі түсінікті зерттеп қарастырмақпын.
Мен әдеттегі академиялық тәсілге жүгінбеймін. Жартылай ұмыт болған француз ғалымдарына сілтеме жасап құнарландырылған күрделі пікірталастармен (бұл қазіргі әпенділеу ғалымдар үшін ғана қызық) оқырмандардың басын қатырмақ емеспін. Оның орнына, мен әр бөлімді осы бір ең қарапайым тұжырымдамаларды жете түсінуге мүмкіндік беретін контексті құрау үшін іріктеліп алынған оқиғаларды талдаудан бастаймын.
Бұл кітаптың негізін екі бөлім құрайды. Біздің заманымызда ғаламтор шынымен де адам сенгісіз жаңа дүниелер жасап жатса, бұған медиаалпауыттардың түрткілеуімен араласып отырған билік тарихи түрде қалыптасқан «көнемізді» жоюмен үн қатып отыр. Біз ғаламтордың пайда болуымен келген өзгерістерді жете түсінуге ұмтылсақ, оған «ақыл тапқанша», нені қалдырып, нені алып тастауымыз керектігін ұғынғанша күте тұрсақ болатын еді. Оның орнына біз прогрестен шошынған жандардың өздерінің бүкіл ынта-ықпалын заңдарды қайта кесіп-пішіп, жазуына және ең бастысы, біздің қоғамымыздың іргелі негіздерін өзгертуіне мүмкіндік беріп отырмыз.
Біз бұған осы дұрыс болғандықтан, мұның жақсылыққа бастайтын өзгеріс екеніне басым көпшілік шын мәнісінде сенетіндіктен жол беріп отырмағанымызға сенімдімін. Біз, өкінішке қарай, беделі түскен заң шығарушылық үдерісімізде күшті ойыншылардың мүдделеріне нұсқан келмесін деген пиғылдан ғана жауырды жаба тоқып отырмыз. Бұл кітап сыбайлас жемқорлықтың тап осы түрінің, көпшіліктің ойына келе бермейтін тағы бір салдары туралы да баяндайды.
ЛОУРЕНС ЛЕССИГТІҢ “ЕРКІН МӘДЕНИЕТ” КІТАБЫНАН
«Қазақ энциклопедиясы», 2012
«The Qazaq Times»