Украина президенті Петр Порошенко Грузияның бұрынғы басшысы, Одесса облысының экс-губернаторы Михаил Саакашвилиді Украина азаматтығынан шығарып тастауға байланысты жарлық шығарды деп жазады Украина мемлекеттік көші-қон қызметінің сайты.
Петр Порошенконың өзінің ресми сайтында Саакашвилиді Украина азаматтығынан шығарып тастау жайында ешқандай материал жарияланбаған.
Михаил Саакашвили Одесса облысының губернаторы қызметінен 2016 жылдың күзінде Порошенконің қатаң сынынан кейін кеткен болатын. Қазіргі таңда Грузияда оның үстінен қылмыстық іс қозғалған.
Бұл жайында шілденің 26 күні Украина парламентінің депутаты Игорь Мосийчук: «Иә бұл рас. Саакашвили Украина азаматтығынан шығарып тасталды. Петр Порошенко осы қадамы арқылы өз қателіктерін мойындай бастаған сияқты» - деді.
Петр Порошенко Михаил Саакашвилиге Украина азаматтығын 2015 жылдың 30 мамыр күні беріп, сол күні Одесса облысының губернаторы қызметіне тағайындаған еді. Губернатор болып тағайындала салған күннен бастап, Саакашвили жергілікті элитамен қақтығыса бастаған болатын. Ол тіпті Петр Порошенко маңында жүргендердің барлыған жемқорлар деп айыптаған еді.
2016 жылдың 7 қараша күні Михаил Саакашвил өзінің отставкаға кетуін: «Одесса облысы Киевтегі жемқорлар орындарынан кеткен күні ғана дамитын болады. Олар ел аумағындағы, оның ішінде Одесса облысындағы барлық бассыздықтар пен бандитизмді қолап отыр. Сол үшін мен отставкаға кетіп, күресудің жаңа кезеңін бастамақпын» - деп түсіндірген болатын.
Михаил Саакашвили 2008-2013 жылдары аралығында Грузия президенті қызметін атқарған. Президенттік қызметтен кеткеннен кейін Грузияда оның үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғаған болатын. Осыған байланысты ресми Тблиси Украинадан Саакашвилиді экстрадициялауды сұраған еді. Бірақ Киев билігі Михаил Саакашвили Украина азаматы болғандығына байланысты Грузияның бұл өтінішін орындай алмайтындығын айтқан еді.
Шілдінің 25 күні Михаил Саакашвили өзінің Фейсбук парақшасында "қазіргі таңда АҚШ-та екендігін" айтып, хабарлама жазған. Осыған байланысты Украина Жоғарғы радасының депутаты, Петр Поршенко блогының мүшесі Сергей Лещенко: «Петр Порошенконың жоспары АҚШ-та жүрген Саакашвилиді Украина азаматтығынан шығару арқылы ел аумағына кіргізбей тастау. Егерде ол Украина жеріне келетін болса, онда оны Борисполға қонған бірінші рейспен Грузияға экстрадиция жасайтын болсамыз» - деп Фейсбук парақшасына жазған.
Михаил Саакашвили Украина азаматтығынан шығарғаннан кейін өзінің Фейсбук парақшасына: «Елде жаңа саяси күштердің бас көтере бастауына байланысты Порошенко осындай өрескел қателіктерге барып отыр» - деп жазды.
Айта кететін бір жайт Михаил Саакашвили губернаторлық қызметтен кеткеннен кейін Украинада «Рух новых сил» қозғалысын құрған болатын. Қазіргі таңда бұл қозғалыс Украина аумағында күш ала бастаған.