Даржеелиң аймағы (Darjeeling) төрткіл дүниеге дәмі бөлек шай жапырағымен танылған болатын. Аталған өңір бүгінде қайшылық өрті тұтануда. Биыл маусым айында батыс Бенгал үкіметі мектептерде сабақты Бенгал тілінде жүргізу туралы шешім шығарған болатын. Алайда, бұл шешім Даржеелиң аймағындағы Непал тілінде сөйлейтін Горкха халқының қатты қарсылығына ұшырады. Қарсылық соңғы бітпес дауға ұласты. Бір айдың ішіндегі күн сайын асқынған қайшылықтар қақтығыстарға жалғасып, соңынан наразы топ екі жерде үкімет кеңсесін қиратқан. Аймақтың қауіпсіздігін қорғайтын Үндістан әскерлері де өңірден шегініп шыққан. Көптеген ұлттар тығыз қоныстанған аймақта ушыққан даудың себебі тым тереңде жатыр.

9 шілдеде Горкха жұртының «Тәуелсіздігін» қолдайтын топ Жаңа Делиде ереуіл өткізді. Олар тіптен Үндістан Даржеелиң аймағынан әскерін шегіндіруін талап еткен. Ереуілшілер 110 метр керме ту көтеріп, Горкхалардың «Тәуелсіздікке» талпынғанына 110 жыл болды дегенді бейнеледі. 1947 жылы ғана Ұлыбритания отарлығынан өз егемендігін алған Үндістан азаттығына биыл 70 жыл толса да, Даржеелиң мен Жаңа Дели қарым-қатынасы барған сайын салқындай түсуде.

Darjeeling атты осы бір шулы аймақ тарихтан бері Непал, Сикким, Бенгал, Ұлыбритания отаршылдары арасында ұзақ жыл тартысқа толы болған тағдырымен танымал болды. Осындай елдердің арасында көкпарға түскен шай мекенінің жағдайы қазір де мәз емес.

Әсіресе, Үндістан өзі тәуелсіздігін жариялағаннан бері Непал тілінде сөйлеушілер мен Бенгал тілінде сөйлейтін ұлттар арасындағы қайшылық толастамаған. Істік те төстік те күймейтін келісімдер жасауға келіскен Үндістан үкіметінің ұтымды шаралары аясында тек қана жиырма жыл жаймашуақ тыныш болған аймақ бүгінде тағы да ұлт, тіл мәселелерінің жетегінде дербестік өтініп отыр.

Қайшылықтың тамыры тым арыда жатқандықтан, осы жағдай ушыға берсе, алып ел саналатын Үндістанды толқытуы мүмкін. Сонымен қатар, жақыннан бері Қытаймен қырғи қабақтық қатынасқа көше бастаған Үнді үкіметі де ел ішінде қарбалас қамдану күйіне өтті.

Үндістан тоннельдердің Қытаймен аралығын қысқарту арқылы өз елінің армиясына жағдай жаратуды көздеуде деген сын-пікірлер бар. Бұл туралы 26 шілде күні Үндістанның шекара жолдарын басқарушы орган(BRO)Алуна Чарбаң (Тибет Үстіртінің оңтүстігі) деп аталатын теңіз деңгейінен 4170 метр биіктіктегі Сара тауындағы жолдан екі тоннель салып, осы арқылы Қытаймен арадағы ресми жолды он шақырымға қысқартуды көздеп отыр деп жазады http://news.sina.com.cn/ сайты.

Бүгінгі таңда Қытай экономикасының әлсіреуі әлемдегі әр елдің талқылайтын тақырыбына айналған. Өз ішінде жиі қақтығыстар орын ала бастаған Үнді елінің жағдайына да ақпарат көздері баса назар аударып отыр. Әсіресе, аталып отырған екі алып елдің арасында өмір сүрген, ұзақтан бергі кірбеңдік ашық қайшылыққа ұласып кетуі де ықтимал. Адамзат халқының тең жарымына жуығы мекендеген, тарихы ұзақ осы екі ірі елдің арасындағы қайшылықтың күн санап өрши түсуі де төңіректегі елдерге сақтық дабылын қағуда.

Әділет Ахметұлы

“The Qazaq Times”