Халықаралық Amnesty International ұйымы Сауд Арабиясы билігін, елдегі кезекті 14 адам өлім жазасына кесілгеннен кейін, "қанды өлім" аталып кеткен процесті тоқтатуға шақырды. Бұл туралы Әл-Жазира "Al-Jazeera" ақпараттық агенттігі жазады.
Ұйымның келтірген мәліметі бойынша, ағымдағы жылы Сауд Арабиясында 66 адам өлім жазасына тартылған. Өткен жексенбіде Эр-Риядтағы мамандандырылған қылмыстық сот тағы 15 адамды дәл осындай жазаға кескен. Amnesty International қызметкерлері ұсталғандардың көбі билікке қарсы шерулер мен ереуілдерге қатысқанын жеткізді. Қазір оларға Иранның тыңшысы болған, жарылғыш заттарды қолдан жасаған, құқық қорғау органы қызметкерлеріне күш көрсеткен, ұрлық жасаған, т.б. айыптар тағылып отыр.
Amnesty International -дың Таяу шығыс үшін жауапты қызметкері Samah Hadid-тің айтуынша, Сауд Арабиясы билігі өздеріне қарсы шыққан жат ой мен идеология өкілдерін, саяси қарсыластарының көзін құрту үшін өлім жазасын қару есебінде пайдаланып отыр. Құқық қорғау ұйымының ұсынған пікірінше, қазір жазаға кесілген азаматтарды өлімнен арашалап тұрған тек ел патшасының қолы ғана. "Егер мемлекет басшысы жалған сот процестерінің нәтижесі болып табылатын шешімдердің күшін жойса, бұл әділдік орнату жолындағы ең маңызды қадам болар еді", - деп есептейді Amnesty International өкілдері . Сауд Арабиясының билігі соңғы 3,5 апта ішінде 26 адамның жазасын орындап үлгерген. Бұл шамамен, мемлекетте күніне бір өлім болатынын көрсетеді.
Британдық құқық қорғау ұйымы Reprieve бүгінгі сәрсенбіге дейін өлім жазасы үкімінің күшін жою үшін петиция дайындап, 32 мың қол жинады. Осыдан бұрын аталған ұйым Munir Adam есімді жанарынан айырылған азаматтың билікке қарсы халықтық қарсылық оқиғасына қатысқаны үшін тұтқындалып, құқық қорғау органы қызметкерлерінің көрсеткен азабынан есту қабілетінен айырылғанын жазып, дабыл қаққан болатын. Қолға түскендер өз айыптарын мойындағанға дейін, оларды қинап, азаптау оқиғалары көптеп кездесетінін, ал бұл азаматтық құқықтарды мемлекеттің "рұқсатымен" бұзушылық екендігін айтқан ұйым әлемдік қауымдастықтың қолдауын күтеді.