Алматы қаласында толықтай отандық өнімдер саудаға қойылатын, тәулік бойы жұмыс істейтін «From KZ» концептуалды дүкені іске қосылды. Қазақстандық тауар өндірушілерді қолдаумен айналысатын «Ұлы Жібек жолы» қауымдастығының бастамасымен құрылған дүкендегі сауда орындары барлық отандық тауар белгілері үшін тегін беріледі.
«Осы уақытқа дейін «Сауда қатарларындағы отандық тауарлардың бағасы, шетелдік баламалармен теңдесіп тұр. Олардың өз елімізде өндірілгеніне қарамастан, қымбат болуы халықтың қалтасына салмақ түсіреді» деген шағымдар жиі айтылып жүр. Шындығында, жалға алатын орындардың қымбат болуы, таныстыруды қажет етпейтін шетелдік брэндтермен салыстырғанда, ел құлағына жеткізуді талап ететін отандық тауардың жарнама кампаниясы, қызметкерлерге төленетін ақы шығындарын қосқанда, өнімнің соңғы бағасы бірнеше есе көтеріліп шыға келеді. Сондықтан біз нарықтағы ең төменгі бағаларды орнату үшін, отандық тауар өндірушілерден жалға беру ақысын алмаймыз», - дейді дүкеннің негізгі құрылу мақсаты мен ерекшелігін ақтарыла әңгімелеген қауымдастық басшысы Екатерина Ким.
Жалпы аумағы 1 мың шаршы метрді құрайтын дүкенде 5 мыңға жуық отандық тауар белгілері саудаға қойылады. Қазірдің өзінде 200-ге жуық киім мен аяқ киім, 100-ге жуық азық-түлік, 40 ауыл шаруашылық, 15 косметикалық және тұрмыстық химия өнімдерінің түрлері дүкен сөрелерінен орын тапқан. Жоба жетекшілері тауар өндірушілерін жалға берілетін ақыдан босатқанымен, пайданың 10 пайызына ортақтасу туралы келісімге отырады. Егер кәсіпкердің саудасы болмай, өнімі сатылмаса, дүкен басшылығы да үлес сұрамайды.
Қазіргі таңда кәсіп жүргізудегі әлеуметтік желілердегі маркетингтің маңыздылығын ешкім жоққа шығара алмайды. Халықтың отандық тауарларға деген қызығушылығын арттырып, дүкеннің тұрақты тұтынушыларының қатарын көбейтуге қазақстандық белгілі блогерлерден құралған арнайы топ жұмыс істейді. Дүкендегі кезекті іс-шараның бейне түсірілімін жасап жүрген блогер Мәди Айтимов көпшілікке арналған жеңілдіктер мен тартымды жобалар туралы бізбен қуана бөлісті: «Бүгін нәзік жандылар қауымының қатысуымен, сәнге арналған мереке өтіп жатыр. Байқау нәтижесінде анықталған жеңімпаздар кәсіби сәнгерлердің қолынан бетін әрлеп, дүкендегі киім коллекциясынан тегін көйлектерді сыйға алады. Өткен жолы мен жастарға арналған фотосурет байқауын өткіздім. Мұндағы өзге қыз-жігіттердің қатысуымен күн сайын қызықты танымдық бейнероликтер түсіріліп, көңілді шаралар ұйымдастырылады. Дүкенде қазір барлық өнімдерге 30-70 пайыз аралығында жеңілдіктер қарастырылған. Біз отандық өнімдерге деген жылы көзқарас пен көпшіліктің жоғары бағасын қалыптастыру жобасының бір бөлігі болғанымызға өте қуаныштымыз».
Алматы облысында ірімшік өндіретін «Formaggio Almaty» сауда белгісінің иелері бұрын тек арнайы жәрмеңкелерге қатысып, өнімін әлеуметтік желідегі парақша арқылы түскен тапсырыстар бойынша ғана саудалап келген. Енді дүкеннен арнайы орын алып, тұтынушылардың назарына ірімшіктің әртүрлі дәмдегі бірнеше түрін ұсынып отыр.
Тараз қаласынан келген дизайнер Ләззат Сәбитқызы да өзінің ұлттық нақыштағы киімдер үлгісін бұрын қаладағы ірі сауда үйлерінің бірінде сатып келгенін айтып, өзіне ұсынылған мүмкіндіктен алған әсерін ортаға салды: «Мен бұрын сауда үйіндегі орнымда әр шаршы метр үшін 10 мың теңгеден төлейтінмін. Мұнда барлығы тегін. Жоба ұйымдастырушылары халық көп келетін демалыс күндері пайдадан алатын үлестерінен мүлде бас тартып отыр. Бұл – біздің бәсекеге қабылеттілігімізді арттыруға берілген үлкен мүмкіндік деп есептеймін».
Алматы қаласының тұрғыны Джанзакова Алинаны балалар киімдері қатарынан кездестірдік. Әр көйлектің өңіріндегі тігісін жіті тексеріп тұрған жас анадан отандық өнімнің сапасын сұрағанымызда, ол: «Бұл менің «From KZ» дүкеніне алғашқы келуім. Бұрын балалар киімін ірі сауда орталықтарынан алатынбыз. Қазір салыстырып қарасам, дайындалу техникасы, тігісі мен мата сапасы жөнінен біздің тауарлар шетелдік киімдерден еш кем түспейді екен. Бағасы да көңілге қонымды», - деді күлімсіреп.
Тағам өнімдерінен бастап, күнделікті тұрмыста пайдаланылатын заттар мен отандық дизайнерлердің ерлер мен әйелдерге, балаларға арналған киім үлгілері, аяқ киім мен сөмке, әмиян, кәдесыйлар, тіпті балалар ойыншықтарына дейін кең көлемді тауарлар ұсынатын жобаның жалпы құны – 120 млн теңге. Жақын болашақта отандық тауарлар саудасымен айналысатын дүкендер желісін Қазақстанның өзге қалаларынан да ашу жоспарланып отыр. Жобаның әлеуметтік маңыздылығын ерекше бағалаған Казкоммерц банкі дүкенге берілген аумақ ақысы төлемін жеңілдету үшін 6 айға дейінгі қаржылық каникулдар қарастырып отыр.
«Ең жақсысы, өйткені өзіміздікі» деген ұранды ұстанатын дүкеннің бастамасына сәттілік тілеп, тұрақты тұтынушысы боламыз деген уәдемен қоштастық.