АҚШ Үкіметі өз азаматтарына Солтүстік Кореяға баруға тыйым салды. Мемлекеттік департаменттің баспасөз хатшысы Хизер Нойерт  шешім келесі аптада федералды регистрде жарияланып, 30 күн ішінде күшіне енеді деп жеткізді. Бұл туралы BBC ақпараттық агенттігі жазады.

Аталған шешім "Young Pioneer Tours" қызметін пайдаланып, Солтүстік кореяға саяхаттап барған америкалық азамат Отто Вармбьенің 2016 жылы қонақ үйдегі пропагандалық парақшаны өзімен алып кеткісі келгені үшін, әуежайда тұтқындалып, 15 жылға абақтыға жабылған оқиғасына байланысты қабылданып отыр. Маусым айында америкалық студент АҚШ-қа қайтарылғанымен, ол отанына оралған соң, 1 апта ішінде көз жұмған. Оның жақындары Отто Вармбьенің Солтүстік Корея тарапынан азапты жазалау шараларына тартылғанын, денсаулығына келтірілген зардаптар әсерінен жан тапсырғанын  хабарлаған болатын.

Қазір Солтүстік Кореяның түрмелерінде тағы да үш АҚШ азаматы бар.  Олар "тыңшылық" әрекеті үшін ұсталып отырған Ким Донг Чул, "мемлекетке қарсы астыртын саясаты үшін" деген айып арқалаған, Пхеньян университетінің профессорлары Ким Санг Дук пен  Ким Хэк Сон.   АҚШ Үкіметі әзірге оларды елге қайтара алмай отыр.

Солтүстік Кореяда турлар ұйымдастыратын "Koryo Tours" және "Young Pioneer Tours" желілері өкілдерінің ақпаратынша, олар АҚШ-тың қабылдаған шешімі туралы жергілікті Швецияның елшілігінен білген. Өйткені екі ортадағы салқын қарым-қатынасқа байланысты Солтүстік Кореяда АҚШ-тың дипломатиялық иеліктері мен елшілігі жоқ. Қазір Америка үкіметі Кореяда қанша АҚШ азаматы барын тексеріп жатыр және оларды тез арада елге оралуға  шақырды. Өйкені АҚШ Үкіметі өз азаматтарын Солтүстік Корея зааңсыз айыптаулармен қолға түсіріп, ядролық қаруға қатысты келіссөздерде өз пайдасына пайдалануға тырысып отыр деп қауіптенеді.

“The Qazaq Times”