2018 жылдан бастап жалақы екі бөліктен тұрады – тұрақты және айнымалы. Айнымалы бөлікте мемлекеттік қызметкерлерге бонустар төленеді, алайда бұл бөлік барлығына бірдей берілмеуі мүмкін. Бұл туралы Қазақстан-2050 сайты хабарлайды.
Айгүл Шаимованың сөзінше, Президенттің тапсырмасы бойынша еңбек нәтижесіне байланысты жалақы төлеуге көшу жоспарлануда.
«Еңбек өтілін ғана ескеретін қолданыстағы жалақы төлеу жүйесінен гөрі жаңа жүйе мемлекеттік қызметкердің жұмыс істейтін мекемесінің жұмысына қосқан үлесіне байланысты болады. Қазіргі таңда біз әдістемесін жасақтадық және оның пилоттық қолданылуы келер жылға жоспарлануда», - деп хабарлады ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шаимова.
Агенттік өкілінің сөзінше, тұрақты бөлік қызметкердің қызметіне байланысты болады. Бұдан бөлек айнымалы бөлік яғни бонустар болады.
"Алдын ала жоба бойынша бонустар жылына бір рет төленеді. Әрине, егер мемлекеттік қызметкер нақты бір нәтижеге қол жеткізсе. Қызметкремен жеке жоспар жасалады. Жеке жоспар аясында оның алдына нақты міндет қойылады, егер ол жақсы баға алатын болса оған бонус төленеді», - деп түсіндірді ол.