Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені +/-1%-дық дәлізбен 10,5% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы бас банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Реттеушінің мәліметінше, жылдық инфляция деңгейі Ұлттық Банктің болжамды бағаларымен сәйкес келеді және нысаналы дәліз шеңберінде қалып отыр, инфляциялық күтулер тұрақты деңгейде қалыптасуда.
"Инфляциялық тәуекелдер жекелеген тауар нарықтарында туындайтын ұсыныс факторлары және сыртқы параметрлердің экономиканың дамуының базалық сценарийінен ауытқуы тарапынан болуы мүмкін. Соған қарамастан, болжамды инфляцияның орта мерзімді кезеңдегі баяулау траекториясы нақты пайыздық базалық мөлшерлеменің экономиканың әлеуетті қарқынына сәйкес келуіне байланысты қысқа мерзімді перспективада да, алдағы 12-18 айда да базалық мөлшерлеменің төмендеу ықтималдығын арттырады", - делінген баспасөз хабарламасында.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, 2017 жылғы маусымда жылдық инфляция 7,5%-ды құрады және Ұлттық Банктің нысаналы дәлізі шеңберінде (6-8%) сақталуда. Инфляцияның ағымдағы жылғы 1-жартыжылдықта (3,7%) 2016 жылғы 1-жартыжылдықпен (4,6%) салыстырғанда едәуір төмен болған.
Азық-түлік нарығының жекелеген сегменттеріндегі ахуал соңғы айлардың қысқа мерзімді инфляциялық тәуекелі болды, алайда жаңа өнім кезеңінің басталуы азық-түлік бағаларының жалпы серпініндегі жағымсыз үрдістерді реттеді.
Халықтың инфляциялық күтулері 2017 жылдың басынан бері тұрақтылықты сақтап отыр. Маусымда инфляцияның бір жыл алға берілген сандық бағасы 6,4%-ды құрады және нақты инфляция деңгейінен төмен, сондай-ақ инфляция дәлізінің 2018 жылға арналған шегінде қалып отыр. Маусым айында жасалған пікіртерім нәтижелері қабылданатын жылдық инфляция мен халықтың бір жыл алға арналған күтулері аздап төмендегенін көрсетті.
Сыртқы тауар нарықтарындағы ахуал құбылмалылығымен сипатталады. Мұнай бағасының бір баррель үшін 50 доллардан төмен деңгейде қалыптасуы және мамырда-маусымда әлемдік азық-түлік нарықтарындағы баға индексінің өсуінің, негізінен, сүт өнімдері мен дәнді-дақылдардың қымбаттауы салдарынан жылдамдауы инфляциялық аяның күшеюіне әкеп соғуы мүмкін.
Салымшылардың валюталық басымдықтары теңгемен активтердің пайдасына сақталуда. Маусымның алдын ала деректері бойынша теңгемен депозиттер үлесінің валюталық депозиттер үлесінен асып кетуі одан әрі жалғасуда. Теңгемен кредиттер үлесінің өсуі де байқалуда. Бұл ретте
кредиттік ресурстарға деген сұраныс тұрақты болып қалуда және мөлшерлемелердің біртіндеп төмендеуімен қатар жүруде. Кредиттеудің қысқа мерзімді серпіні банк секторындағы шоғырлану процестерімен шектелуде.
Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2017 жылғы 21 тамызда Астана уақытымен сағат 17:00-де жарияланады