Сот Бразилияның экс-президенті Луис Инасио Лулу да Силваға жемқорлыққа қатысты тағылған айыптаулардың негіздемесі бар деп тауып, оны 9,5 жылға абақтыға жабу туралы шешім шығарды.

Экс-президент пен оның жары Гуаружа шипажайында орналасқан бағалы зәулім үйін табыс декларациясына енгізбей, жасырын ұстады және Petroleo Brasileiro мемлекеттік компаниясымен келісім шарт жасасуға көмектескен қызметі үшін OAS құрылыс компаниясынан 747,8 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деп айыпталған болатын.

Луис Инасио Лулу да Силваның қорғаушылары соттың шешімін аппеляцияға берді. Енді іс қайта қаралғанша, экс-президент бостандықта жүретін болды.

Атап өту керек, 2003-2011 жылдар аралығында  Бразилияның мемлекет басшысы қызметінде  болған Луис Инасио Лулу да Силваның тұсында елдегі кедейлік деңгейі 50 пайызға дейін қысқарып, әлеуметтік  жағдайы төмен жанұяларға балалары міндетті түрде мектепке барып, медициналық екпелерді уақытылы қабылдауы керек деген талаппен ай сайын берілетін жәрдемақы белгіленді. Сонымен қатар дәл сол жылдары мемлекет ішінде жемқорлықпен байланысты саяси жанжалдар көптеп орын алғанын де ескертіп өткен жөн.

Бұрын енді президенттік сайлауға түспеймін деп мәлімдеген Луис Инасио Лулу да Силва мына даулы оқиғадан кейін,  2018 жылы бағын қайта сынап көруге бел байлап отыр. Қазір елдегі президенттікке үміткер өзге тұлғалармен салыстырғанда, экс-президенттің қолдаушылары көп.

“The Qazaq Times”