Бүгін Талдықорған қаласының сотында Қаңтар қырғыны кезінде ұсталғандарды «азаптаушы» бес полицейге сот үкімі оқылды. 39-отырыста судья Бекмұрат Дүйсенбеков күдіктілердің бәрі Қылмыстық кодекстің «азаптау» бабымен (146-баптың 2-бөлігі) кінәлі деп таныды.
Судья Қанды Қаңтарда ұсталғандарды «үтік басып, азаптады» деп айыпталған Айдын Кенжаебаев пен Жанбақыт Нұртазаны 4 жылға, Сапармұрат Тоқташты 3.5 жылға, Алмас Боқанов пен Ермек Жұмашевты 3 жылға бас бостандығынан айырды.
Сотталушылардың барлығына үш жыл құқық қорғау жүйесінде және мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынып, олар шендерінен айырылды.
Сотталушылар үкім жарияланған бойда сот залында қамауға алынды. Айдын Кенжебаевтың қамауда болған бір күні жаза мерзімінің бір жарым күніне, қалған сотталушылардың үйқамақта отырған бір күні екі тәулікке есептелді.
Жетісу облыстық сотының ресми ақпаратында сотталушылар айыбын толық мойындағаны, «жәбірленушілер оларды кешіргені» жазылған.
Бес айдан аса қаралған «азаптау» ісіне 23 жәбірленуші және 5 сотталушы полицей қатысты. Жұма күні сот үкімі оқылар алдын полицейлер жәбірленушілерден кешірім сұрап, соттан шартты жаза сұраған.
Алғашында жәбірленушілер тарабы «азаптаушы» полицейлерден қоқан-лоқы, қысым көріп жатқанын айтып шағынған еді. Кейін оларға кешірім бергенін, процесуалды келісімге келетінін мәлімдеген.
Билік дерегінше кемі 238 адам қаза тапқан Қаңтар қырғынында құқық қорғау органдарынан азап көрген жүздеген адам арыз түсірген. Дегенмен қозғалған істің дерлігі жабылып қалған. Құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, Қаңтарда он мыңнан аса адам ұсталып, оның жетпіс пайызы азапталған. Сарашылар «жаппай азаптау науқаны» құқық қорғау органдарына қоғамдық сенімді қатты төмендеткенін айтады.


















Ертаев қайта қамалған күз: Рақымшылық «заңсыздық жәрмеңкесіне» айналды ма?
Талғар трагедиясы: Қызылқайраттағы қылмысқа қатысты жеті іс қозғалды
Қызылордадағы №60 мекемеден хат: Қамаудағы Думан Мұхаметкәрім қауіпсіздік сұрайды
Талғардағы қанды оқиға: ІІМ-ге жолданған сауал және қоғам күткен жауап
Талғарда тағы да қанды оқиға. Полицияның жауапсыздығы ма, жүйелік дағдарыс па?
Қайрат Қожамжаровқа қатысты тергеу: Назарбаев дәуірінің ықпалды шенеунігіне кезек келді