Полиция «Elmedia» редакциясы кеңсесіне «шабуыл жасады» деп күдікке ілінген екі адамды ұстағанын мәлімдеді. Бұл жөнінде Азаттық радиосы хабарлады.

«Заңға қайшы әрекет жасады деп күдікке ілінген екі адам ұсталды: З. есімді Алматы тұрғыны және Г. есімді Тараздан келген адам. Екеуі де 18 жаста» деп жазды Polisia.kz сайты.

Күдіктілерге «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалған. Ресми ақпарат бойынша, ұсталғандар «әрекетін мойындаған». Оқиғаға қатысты өзге жайттар анықталып жатыр деп айтылады.

«Elmedia» редакциясы кеңсесіне осыған дейін соңғы бір жарым айда төрт рет шабуыл жасалғаны хабарланған. Соңғы рет редакция 23 қарашаға қараған түні белгісіз біреулер кеңсенің витринасын шағып кеткенін хабарлаған. Редакция өкілдері оқиғаны «журналистерге ескерту» деп бағалап, бірақ «күресті тоқтатпайтынын» мәлімдеген.

Бұған дейін редакция өкілдері әр оқиға сайын полиция келгенмен «еш нәтиже болмағанын» айтқан.

Бір күн бұрын «Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымы мен Қазақстан Журналистер одағы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, журналист-әйелдерді қорғауға, сонымен бірге елдегі ақпарат құралдарына жасалған заңсыздықтарды назардан тыс қалдырмауға үндеген еді. 

«Жалпы БҰҰ Адам құқығы кеңесі «Журналистер қауіпсіздігі» туралы резолюциясына сәйкес нақты бағдарлама қажет. Журналистерге қарсы заңсыздық пен жазасыздық елдегі демократиялық реформаларды тежейді және Қазақстанның құқықтық және демократиялық ел ретіндегі беделіне нұқсан келтіреді» деп жазылған мәлімдемеде.

Баспасөз қорғау ұйымдары Elmedia редакциясына жасалған шабуыл мен жоба жетекшісі Гүлжан Ерғалиеваға бағытталған буллинг, Orda.kz кеңсесіне жіберілген шошқаның басы, «Дорожный контроль» тілшісі Олеся Вертинскаяға жасалған шабуылдарды мысал ретінде келтірген.

25 қарашада президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Фейсбукта «Әділ сөз» халықаралық қоры мен Қазақстан Журналистер одағының әйел-журналистерді қорғау туралы өтініші назарға алынғанын хабарлады.

«Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне қатысты заңға қайшы әрекеттер жасаған адамдарды жауапқа тарту үшін болған оқиғаларды тергеу тиісті мемлекеттік органдарға тапсырылды» деді Руслан Желдібай.

Қазақстанда журналистер кәсіби қызметіне байланысты тосқауыл-кедергілерге жиі ұшырайды. «Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымының «Сөз бостандығы индексінде» Қазақстан 180 елдің арасында 122-орында тұр. Елде сөз бостандығының ахуалы күрделі деп бағаланады.