Парламент мәжілісінің депутаты Мұхтар Тінікеев арыз жазып, өкілеттілігін тоқтауды сұраған. Ақыры, әріптестерінің дауыс беруі арқасында ол мерзімінен бұрын Мәжілістен кетті.

Оны бұндай күйге жеткізген не? Әрине, себеп ретінде көпке жария болған «шапалақтау видеосы» айтылады. Бірақ, аяқ астынан неге осындай ұшыққа іліне қалды. Біз парламенттегі белсенді депутаттың сыр-сипатын жақсы біледі-ау, әрі айтарын ірікпейтін шығар деген оймен Мұхтар Бәкірұлымен бірге Мәжіліс қабырғасында қызмет еткен экс депутатқа хабарластық. Алайда, ол кісі өз атын атамай-ақ қоюды өтініп, мынаны айтты.

«Мұхтар Бәкірұлы өткір, халықтың мұңын, жұрттың жоғын айтқанда алдына жан салмайтын белсенді депутат еді. Сосын, қорқу дегенді білмейтін, әсіресе, Кәрім Мәсімов үкімет басқарып тұрғанда, Премьер-министрден тартып, одан құлдайғы лауызымдыларға бетің-жүзің демей шындықты айтып салатын. «Не боламын-ау» деп, тайсалып, тартынбайтын. Сол кезде оны қатты жақсы көріп, сыйлайтынмын. Сонысымен де, әріптестер арасында орны биік еді.

Ал, бірақ, тек орысша сөйлейтін. Тіпті, «өзім де, балам да орысша сөйлейді» деп кесіп-пішіп бір-ақ айтқаны бар еді. Өзі мейлі, баласын да басқа тілде сөйлейді деп, ана тіліне олай кекірейе, менсінбей қарау тым тәкаппарлық қой. Қазақтың тілін, қазақтың мүддесін қолдамаса, ол қалай тәуелсіз Қазақстанның депутаты, халық қалаулысы болмақ? Осыған келгенде оған қарным ашатын. Мүмкін, тым асқақтап кеткен адам ана тілдің кәріне жолығуы да ғажап емес. Бәлкім, кезінде үкіметке «тісі батқан» кездері өз басына қайта таяқ болып тиген шығар. Қалай десек те, қазір қазақ жігіттерінің басына үлкен қиындық туып тұр ғой. Шетінен ұсталып жатыр. Қазақ азаматтарына қазір тек, жұдырықтай жұм болып, бірігу ғана қалды».

Ойланып қалдық. Расында, соңғы кездері, БАҚ саласындағы мықты азаматтарды, бұрынғы және қазіргі лауазымды қызмет атқарған тұлғаларды тарпа бассалып, түрмеге тығу жиілеп кетті. Әсіресе, Нартай Дүтбаевты. ҰҚК-ның бұрынғы басшысын, «мемлекеттің құпиясын жария етті» деп ұстаған қазіргі ҰҚК-ның «ұр тоқпағы» да оңай емес екенін байқатқандай. Тағы кімді тоқпақтайды екен, «ұр тоқпақ»...

Ақтамберді АСПАН

«The Qazaq Times»