АҚШ Конгресіндегі екі партия да Ресей президенті Владимир Путинді «қанды қол» деп айыптап, Украинаға қарсы шабуылын сынға алды. Соған қоса, президент Байденнің санкция шаралары жеткіліксіз екенін айтты. Конгрестегі қос партия Байден үкіметін Ресейге қарсы санкцияларды үсті-үстіне күшейтіп, Украинаға көбірек әскери көмек беруге шақырды.
Республикашылдар мен Демократтар тарабынан да Путинді айыптаған мәлімдемелер толассыз айтылып жатыр. Арасында Путиннің әрекетін ««Бұл Гитлер Екінші дүниежүзілік соғыста Польшаға басып кіргеннен бергі Еуропадағы ең ірі басқыншылық, Путиннің қолында қан бар және ол бұл үшін өте ауыр төлейді», – деген палатадағы Сыртқы істер комитеттің республикашыл өкілі Майкл Макколдің де пікірі бар.
Сенаттың Қарулы күштер комитетіндегі республикашыл сенатор Джеймс Инхоф болса «Оны анық айту керек: АҚШ пен біздің одақтастарымыз оны тоқтатпаса, Путиннің амбициясы Украинада тоқтамайды», – деді.
Ресейдің Украинаға басып кіруіне жауап ретінде президент Байден бейсенбі күні Ақ үйде ресейлік банктерге, олигархтарға және жоғары технологиялық секторларға бағытталған санкциялардың жаңа кезеңін жариялағанын айтқан еді. Оның айтуынша санкциялар Ресейдің банк жүйесін одан әрі бұғаттауға бағытталған. Бұл қадам Ресейді экономикалық тұрғыда оқшаулайды, әрі әлемдік қаржы жүйесінен Путин үкіметіне экономикалық қысымды күшейтіп, Ресей экономикасына қысым түсіреді деп бағаланған.
Ақ үй мәлімдемесінде бейсенбі күні жарияланған санкциялардың Ресейдің барлық жетекші 10 қаржы институтын қамтитынын және экспорттық бақылау Ресейдің жоғары технологиялық импортының 50 пайыздан астамын тоқтататынын атап өткен. Соның өзінде конгресмендер тарабынан санкциялардың пәрменді әрі жедел соққылары талап етілуде. Олардың пайымынша бұл санециялар Путин билігін Кремльден қуып шығады.
Айта кетейік, Ресейдің Украина шекарасындағы қауіпті әскери қимылдарына байланысты АҚШ заң шығарушылары соңғы бірнеше аптада санкциялар туралы заң бойынша келісімге келе алмай келген еді. Республикашылдар Путиннің әрекеттерін тежеу үшін санкцияларды ертерек белсендіруді жөн көрсе, ал демократтар дипломатиялық шешімге келу үшін еуропалық одақтастармен жұмыс істейтін Байден әкімшілігін қолдап келген.