Әлем назары Ресей мен Украинада. Екі ел ортасындағы қақтығыс ауқымды соғысқа ұласады деген қауіп күшті. Ресейдің Украина шекарасына жақын орналастырған әскерінің саны 120 мыңға жеткені және Беларусь жеріне де әскер орналастырып жатқаны туралы мәліметтер тарады. Көптен бері Украинаға әскери қолдау көрсетіп келген НАТО мүшелері соңғы күндері қару-жарақ жөнелтуді тіпті де көбейтті. АҚШ тарабы Шығыс Еуропдағы ықтимал қақтығысқа дайын болу үшін 8 мыңнан астам әскерді дайындап қойды. Бұған қоса президент Байден шабуыл жасалған жағдайда Владимир Путиннің жеке өзіне санкция салуды ойластырып жатқанын мәлімдеген.
Ресей Украинаға шабуыл жасау жоспарының жоқ екенін қайталап отыр, әрі жағдайды ушықтырып жатыр деп АҚШ бастаған батыс елдерін кінәлайды. Бұған негіз де жоқ емес, екі күн бұрын АҚШ пен Британия Украинадағы елшілік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін эвакуациялай бастады. Кейбір украин саясаткерлері бұл қадам елдегі тұрақсыздық пен соғыс қауіпіне деген алаңдаушылықты күшейтеді, әрі Ресейдің шешім қабылдауына әсер етеді деп сынады.
АҚШ президенті Жо Байденнің пайымдауынша, Ресей мен Украина шекарасында қақтығыс болған жағдайда ол қазіргі жаһандық жағдайға «орасан зор кесепатын тигізеді». Қазіргі жаһандық жағдайдан алғанда бұл болжамның растығына көз жеткізу қиын емес. Пандемиядан кейін тұралаған экономикалық өсім көптеген елді әбігерге салып жатқанда ауқымды қақтығыстың болуы дүние жүзі елдеріне оңғай соқпасы анық. Ресей расында шабуыл жасауға шешім қабылдаса, ең әуелі Еуропа елдерінің энергия тармақтары қыспақта қалады. Бұған жол бермеу үшін Байден әкімшілігі әлемдегі ірі мұнай-газ компанияларымен сөйлесіп жатқанын New York Times басылымы жазды.
Дегенмен, Ақ үй баспасөз қызметінің айтуынша, АҚШ НАТО-ға жәрдем беру үшін әскерлерін дайындап қойғанымен, тікелей Украинаға әскер жөнелту туралы жоспарының жоқ.
Соғыс қауіпіне қатар тараптар диалогты да қарқынды жүргізіп жатқаны байқаладын. Бүгін Францияның орталық қаласы Парижде Ресей мен Уркина өкілдері, француз және неміс өкілдерінің қатысуымен кездесу өткізеді. Бұл кездесуде Ресейдің нақты мақсаты айқындалады деген болжамдар да бар.