Бүгін Алматыда қоғам белсенділері «Қаңтар оқиғасын» зерттеу жөніндегі тәуелсіз комиссия құрды. Комиссия құрамында мемлекет және қоғам қаййраткерлері, саясаткерлер, құқық қорғаушы заңгерлер мен журналистер бар.
Қоғамдық комиссия өзінің алдына мынандай міндеттер қояды және оны жүзеге асырады:
- 2022 жылғы қаңтар айында болған халық толқуларына – бейбіт жиындарға, митингілер мен шерулерге қатысқан жазықсыз адамдарды қорғау. Оларды қамауға, қысым көрсетуге, азаптауға, жазаға тартуға жол бермеу.
- Азаматтардың Конституциялық құқықтарын қорғайтын – бейбіт, еркін түрде жиналуына, мемлекеттік орындарға талап қойып, наразылық білдіруіне, қауіпсіздігін сақтауға қатысты заңдарды және олардың қолданылуын талқылау. Ұсыныстар, өзгерістер енгізу.
- Қантөгіске ұрындырған қақтығыстардың себептерін анықтау, салдарларына талдау жасау.
- Арандатушылар мен лаңкестердің бұзақылық, қылмыстық әрекеттерінің алдын алмаған, кей жағдайда қандай да бір мақсатпен оларға қолдаушылық, бейтараптық танытқан күштік құрылымдарды, ықпал етуші тұлғаларды әшкерелеу.
- Қақтығыстар кезінде, күш қолдану, ату салдарынан қаза тапқан әрбір азаматтың аты- жөнін, өлім себептерін анықтау. Ақиқатты ашу.
- Оқиғаға қатысушы себепкер топтардың әрекеттеріне талдау жасау, қоғамдық пікірді жария ету.
- Президенттен бастап, мемлекеттік басқару орындарының, күштік құрылымдардың әрекетіне немесе әрекетсіздігіне заңдық, саяси баға беру.
- Бейбіт жиындар, митингілер туралы мемлекеттік саясатты, ұстанымды түбегейлі өзгерту мәселесін көтеру.
- Асыраушысынан айырылған жәбірленушілерге жеткілікті көлемде материалдық өтемақы төлеткізу.
- «ОДКБ» бітімгерлік қарулы күштерін Қазақстанға кіргізуге байланысты қоғамның алаңдаушылығын, қарсылығын қолдау.
- Сот процестеріне қатысу, заңдылықтың, азаматтардың құқығының сақталуын қадағалау.
- Азаматтардың құқығын қорғау жөніндегі ұйымдармен, қорлармен, заңгерлермен, адвокаттармен бірлесіп жұмыс істеу, оларға қолдау көрсету.
- Оқиғаға қатысты фото, бейне түсірілімдерді, куәгерлердің, оқиғаға қатысушылардың түсініктерін, айғақтарды, құжаттарды жинақтау, талдау жасау және сақтау.
- Нақтылы анықталған, дәлелденген материалдар негізінде қорытынды жасау және БҰҰ-на, Европарламентке, халықаралық сотқа Қазақстан Республикасындағы халықтың бейбіт шеруіне тосқауыл жасайтын, азаматтық құқықтарын шектейтін келеңсіз жайттар туралы, назарбаевтық диктатураның жалғасып жатқандығы туралы шағымдану.
Комиссия құрамында мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер Балташ Тұрсұмбаев, қоғам қайраткерлері, саясаткер Рысбек Сәрсенбай, қоғам қайраткері, журналист Ермұрат Бәпи, құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова, құқық қорғаушы Ғалым Ақелеуов, заңгер Тимур Тоқсейітов, заңгер Әлнұр Ильяшев, режиссор Еркін Рақшев, қоғам қайраткері Нұрлан Бұланбай, журналист-блогер Динара Сейсен, журналист Думан Мүхаметкәрім, журналист Мирболат Мырзатайұлы, журналист Қойшыбек Мүбарак, қоғам белсендісі Арайлым Назар кірді. Және әр облыстан өкілдер тартылатыны айтылды.
Байланыс нөмерлері 8777- 493-83-83. 8701-299-90-28