ТМД елдерінің Санкт-Петербургте Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдердің соңғы саммитынан кейін осындай хабардың таралуы саяси орталардың назарын өзіне аударды. Ауғанстанның шекарасына 200 км жердегі Кургонтеппа аймағындағы Ресейдің базасына жаңа әскери құрал-жабдықтарды орналастырудағы мақсат Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының географиялық аумағының оңтүстік шекараларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету деп жарияланды.

Тәжікстан ТМД елдері арасындағы қауіпсіздік шынжырының ең әлсіз жері болып табылады.  Тәжікстан қайраткерлері  осы бос кеңістікті толтырып, өзінің әскери-қорғаныстық қабілетін нығайту үшін әртүрлі саясаттарды қолданды. Ресей армиясының 201-бөлімшесінің Тәжікстанда қалу мерзімін 2042 жылға дейін ұзарту, аймақтық әскери және қауіпсіздік белсенділіктерге қатысу, Қытаймен әскери әріптестік жасау осындай тәсілдердің бір бөлігі болып табылады. Мұнымен қоса, Ауғанстандағы тынышсыздықтың Тәжікстанға таралуының алдын алу үшін осы елмен қауіпсіздік саласындағы әріптестікті нығайту, Үндістанмен әскери әріптестік жасау және Тәжікстанның Батыс елдерімен әскери-қауіпсіздік саласында әріптестік туралы меморандумдарға қол қоюға ыңғай танытуы – осының барлығы Душанбе үкіметінің ел армиясы мен халықтық күштердің  амал-әрекетін нығайту үшін қолданып жатқан тәсілдерінің бірі болып табылады.

Мұның бәріне керісінше, қауіпсіздік, ұлттық мүддені қамтамасыз ету және стратегияны ілгерілету жөнінде ерекше сипаттамасы бар елдер Тәжікстанмен әскери әріптестік жасауға бет бұрды. Басқаша айтқанда, олардың  Тәжікстанмен әскери әріптестікке құрал ретінде қарауы ешқашан осы ортаазиялық елдің қауіпсіздік саласындағы қажеттіліктеріне жауап берген емес және Душанбе үкіметін саяси, әлеуметтік және қауіпсіздік саласында тұрақтылықты қамтамасыз етуде қауқарсыз жағдайда қалдырып отыр. Тіпті Ресей армиясы 201-бөлімшесінің Тәжікстанда қалу мерзімі туралы келісімнің ұзартылған күнінің ертеңінде тәжік қайраткерлері осы келісім аясында тұрақты қауіпсіздік және тынышсыздықтың туындауымен күресу үшін тежеуіш қабілетке қол жеткіздік деп айта алмады.

Бұл жағдай Батыс елдері мен АҚШ үшін Орта Азия елдеріне әскери және қауіпсіздік саласында ықпал ету жолын іздеуге қолайлы жағдай тудырды. Осы ретте Тәжікстан республикасы Батыс елдері көздеген елдердің қатарына енді. Қытай да осы ережеден тысқары емес. Бейжің мен Душанбенің әріптестіктеріне қатысты Ресей тарапынан аса алаңдаушылық байқалмаса да, ешқашан Мәскеу осындай әріптестікке толық көзжұмбайлықпен қараған емес. Қытайдың Тәжікстан пен Ауғанстанның шекараларында әскери бөлімшелер орналастыруы және Ресейдің кейбір жоғары лауазымды әскери қайраткерлерінің бұл әріптестікке қатысты Мәскеудің алаңдауына еш себеп жоқ деген сөздері Мәскеудің басқа елдердің ТМД қоғамының саяси-географиялық аумағында әскери ықпалының артуынан алаңдайтынын жасыруға тырысып жатқанын көрсетеді.

Қытайдың Тәжікстан пен Ауғанстанның шекараларында әскери бөлімшелер орналастырғанынан  үш айдан аз уақыт өтсе де, бүгінде Ресей Тәжікстанда Ауғанстанның шекарасына 200 км жерде жаңа әскери құрал-жабдықтарды орналастыруды күн тәртібіне қойып отыр. Бақылаушылардың пайымдауынша, Мәскеудің бұл шарасы Ресейдің Тәжікстанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алған міндеттемесін орындау жолындағы қадам және Орта Азия аймағындағы әскери-қауіпсіздік қатынастарында басқа батыс және аймақтық елдердің әскери құзырын минималды деңгейге жеткізу үшін жасалған шара бола алады.  Мұнымен қоса, Азияның оңтүстігіндегі елдермен  әскери-қауіпсіздік саласындағы әріптестігін нығайтуға жағдай жасау Ресейдің Тәжікстанда жаңа әскери құрал-жабдықтар орналастырудағы мақсаттарының бір бөлігін құрайтын сыңайлы.

«The Qazaq Times»