Уашингтон уақытымен дүйсенбінің кешінде, АҚШ президенті Жо Байден мен Қытай басшысы Ши Жинпиң онлайн форматта бетпе-бет кездеседі. Бұл виртуальды жүздесуде қатаң бәсекелестік қарым-қатынасындағы АҚШ пен Қытайдың бәселестік әрекеттерінің шарттары талқыланбақ. Бірақ, көптеген сарапшылар бұл кездесуде Бейжің мен Уашингтон арасындағы келіспеушіліктер шешіліп кетпейді деп санайды.
АҚШ ресмилері де кезекті онлайн сөйлесуде шиеленістердің шешілуінен үміті аз. Оны өткен апта соңындағы Ақ үйдің ресми мәлімдемесінен де аңғаруға болады. Ақ үйдің ресми өкілі Шаки жұма күнгі мәлімдемесінде: «Лидерлер тек екі ел арасындағы бәсекелестікті жауапкершілікпен басқару жолдарын және сәйкес мүдделер кезінде ынтымақтастық жасау жолдарын талқылайды», – деді. Оның айтуынша сөйлесу барысында Байден АҚШ-тың мақсат-тілегін, басымдықтары мен мүддесін анықтай айтып, Қытаға қатысты алаңдаушылықтарын ашық ортаға салмақ.
Жаңа держава ретінде Қытай өзінің әлемдегі экономикалық, әскери және саяси ықпалын барған сайын кеңейтуді көздеп келеді. Ал, АҚШ болса Қытайды өзінің басты стратегиялық қарсыласы ретінде қарастырады. Осындай бәсекелестік қатынастан келіп шыққан қайшылықтар екі ел қарым-қатынасын күрделі деңгейге көтерді. Ел лидерлері бет жылтысып, ашық сөйлеспесе ендігі қайшылық теке-тіреске, оның ары жағы қақтығыс қаупіне бастауы да бек мүмкін. Сондықтан онлайн кездесу алдында тараптар бір-біріне деген кейбір қатаң мәмілелерін кейінге сиырып, сөздерін жұмсатты.
Уашингтон мен Бейжіңнің бір-біріне сәл де болса жол беріскені Глазгодағы саммиттің соңғы күндерінде көріне бастады. Күтпеген жерлен екі ел зиянды газ шығарындыларын азайту, осыған ұқсас климат мәселелерінде тұрақты ынтымақтастыққа күш салатындарын білдірісті. Сөйтетін де жөні бар, Қытай мен АҚШ әлемде атмосфераға көмірқышқыл газын ең көп шығаратн ел саналады.
Ал, біздің уақытпен ертең таң сәріде болатын онлайн саммит туралы сарапшылар пікірі алуан түрлі. Соның бір парасы, Байден мен Ши тұрақтылыққа, ынтымақтастыққа ұмтылуға да, қажет болса бәсекелестік пен теке-тірес қатынасқа өтуге де дайын тұрғанын айтады.
Қалай болсасын Бейжің мен Уашингтон ортасындағы бәсекелестік қатынас ұзақ уақытқа жалғасары анық. Бұның қатарында Гонконг пен Шыңжаңдағы адам құқығына қатысты қайшылықтар, сауда соғысы, кеме қатынасы еркіндігі және Бейжіңнің Оңтүстік Қытай теңізі мен Тайуан бұғазындағы әскери күштерін арттыру сияқты мәселелер жақын арада шешім таба қоймақ емес.