Әлемдегі ең бай 7 мемлекеттің лидерлері бас қосқан «Үлкен жетілік» саммитін кеше аяқталды. Ұйымның қазіргі төраға елі Германия болғандықтан кезекті саммит Германияның Бавария жерінде өтті. Бұл жиналыста жеті мемлекет басшылары Ресейге қарсы қандай шара қабылдау керек деген мәселені көбірек талқылады. Украинаның президенті Воладимир Зеленсикй шараға видео-байланыс арқылы қатысты.
«Үлкен жетілік» мүшелері бұған дейін де Ресейге қарсы бірқатар қатаң шараларды қабыл алған еді. Жетекші елдер Ресейді халықаралық сауда мен финанс жүйесінен шеттетті және жеке тұлғаларына қарата санкциялар да салды. Есесіне, ұйымдағы Жапониядан басқасы НАТО мүшесі ретінде Украинаға көп мөлшерде әскери қолдау көрсетіп келеді. Алдағы уақытта «Үлкен жетілік» Ресейге қандай мәміле жасайды деген сауал барлық елдің назарында тұрды. Ресей соғыс машинасының азығы саналатын орыс мұнай-газына қарсы түбегейлі шектеу қойыла ма, жоқ па? Байқауымызша «Үлкен жетілік» бұны терең талқыдан өткізді. Саммиттен бұрын да Ресейдің мұнай-газына, алтын экспортына қарсы эмбарго қою туралы ұсыныстар айтылған болатын.
АҚШ Ресейдің бір тамшы мұнайы мен табиғи газына тәуелсіз бола алады, Британия да жыл соңында толықтай шетеу кіргізе алатынын білдірді. Мәселе, өзге мүшелерінде бұл оңай әрі түбегейлі жүзеге аса салатын мәселе емес. Ресейге қарсы саяси соққылар кей елдердің өз мүддесіне де зиян келтіруі мүмкін. Әсіресе, Еуропа елдері үшін энергетика бойынша Ресейден тәуелсіз болу жақын уақытта жүзеге асатын мәселе емес. Дегенмен, АҚШ пен Британияның әсерінде біртіндеп орыс энергиясына тәуелділігін қысқартып келеді. Айталық, Германия өзіне тікелей келетін Ресейдің «Солтүстік Ағын-2» газ құбыры жобасын тоқтатып қойды; ЕО болса Ресейден импортталатын газдың үштен екісін қысқартуды жоспарлауда. Батыс Ресейлік энергетикадан түбі толық тәуелсіз болуы да ғажап емес, себебі Батыс елдері соңғы жылдары жасыл энергияны, қайта туындаушы энергияны байытып келеді.
Еуропа Ресей газына тәуелділіктен арылғанымен Құрама Штаттардан сұйылтылған газ алуға мәжбүр. Ал, Ресей осы тұста Қытайға бағытталған газ экспортының көлемін екі есе арттырды. Бұл шама Еуропа нарығына тең келмесе де Қытай болашақта Ресей газының бірден бір үлкен нарығы болып қалуы мүмкін деген болжамдар жарыққа шығуда. Алайда, «Ресейдің соғыс машинасын» қаржымен қамдағаны үшін Қытайға санкциялар енгізілуі де мүмкін.
Міне осы қатарлы ауыспалы әлемдік жағдайдың қай бағытқа қарай ойысуында «Үлкен жетіліктің» жасайтын ықпалы айтақалсын зор. Олар ұйым ретінде өзара ешқандай ережені заңдық тұрғыда бекітпесе де, жеті елдің лидерлері кеңесіп қабылдаған шешім әлемге өз ықпалын тигізген кездері көп.
«Үлкен жетілік» – әлемдегі ең ықпалды ұйымның бірі. Құрамына 20 көшбасшы экономика кіретін «Үлкен жиырмалыққа» қарағанда әлемнің бет-бейнесіне анағұрлым көп ықпал ететін бірлестік. Олардың лидерлері жыл сайын бас қосып, әлемдік экономиканың бағыт-бағдарын, елеулі халықаралық мәселелердің жай-жапсарын кеңесіп отырады. Бұл рет Баварияда бас қосқан жетілік мыналар: АҚШ, Жапония, Британия, Италия, Канада, Франция және қазіргі төраға елі Германия. Бұлар жаһандық сауда қатынасы мен халықаралық финанс жүйесінде ең ықпалды деген елдер саналады.
Әлемде жалпы ішкі өнім құны жағынан екінші экономиканы түзгенімен Қытай бұл ұйымға мүше емес. Себебі, ел байлығы азаматтарына бөлінгенде Қытай әлде қайда артта қалып қояды. Бір кездері бұл жетекші экономикалардың бірлестігінің саны 8 және онда Ресей де бар еді. 2014 жылы Украина дағдарысынан кейін және Қырым аннекциясы Ресей ұйымнан шеттетілді. АҚШ президенті Трамп өз тұсында G7 саммитіне Ресейді де тарту туралы ұсыныс тастағаны бар, бірақ бұған бірлестік жағынан ешкім келіспеді. G7 саммиттеріне өз қалауынша кейбір елдерді де қатыстырып отырады. Айталық, Еуолпа Одағының жоғары лауазымдылары саммитке үнемі қонақ болып келеді.