Қазақстанда енді лашықта тұруға тыйым салынбақ. Әсте, қағыс естімедіңіз. Қазақстандықтарға лашықта тұруға тыйым салатын жаңа заң жобасын үкімет қарауына енгізу көзделуде. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин үкіметтің кезекті баспасөз мәслихатының бірінде мәлім етті.
Сонымен, Ильин не айтты дейсіз ғой. Әуелі ол Қазақстан заңы бойынша үйдің иесі өздігінен меншіктерін халыққа қызмет көрсету орталығына немесе әкімдік арқылы тіркеуі керек дегенді алға тартты. Қызық осы жерде. Тыңдап көріңіз:
"Білсеңіздер, бұрын жемқорлық туралы мәселелер пайда болатын. Ол жер инспекциясы, сәулет мәселесі, газ, төтенше жағдайлар өкілдерінен рұқсат керек еді. Біз оларды азайтқанбыз. Енді міне, нәтижесін көріп отырмыз. Жосықсыз құрылысшылар уақытша лашықтар соғады, сосын оларды адамдарға тұруға өткізеді", - деді ол.
Не айтуға болады? Түсінсеңіз, ішкі істер министрінің орынбасары уәжі бойынша, ол атап өткен жемқорлық пайда болатын жолдарды азайтудың өзі қауіпті сияқты. Себебі, «Енді, міне, нәтижесін көріп отырмыз» дейді мәртебелі Ильиніңіз. Ал мұндағы «нәтижеңіз» Астанадағы бес баланың өлімін меңзеп тұрғаны анық. Мәртебеліңіз сонда кімге өкпелі?
Өкпелі демекші, министрлік өкілі тұрғындардың қауіпсіздік мәселесіне тұрғын үйді тұрғызғандар да, оны жалдауға бергендер де, айналып келіп тұрғындардың өзі де кінәлі екенін айтты. Яғни, Астанадағы қайғылы оқиғаға тек қана үкімет, тек қана министр М. Әбілқасымова кінәлі емес, лашықта тұрған ата-аналардың өздері кінәлі дейтін секілді.
Айтпақшы, сосын, «хан сарайында» отырған Ильиндердің пайымынша, әлбетте, бәріне лашық кінәлі. Сөйтіп, аш халықтың қасығына ас тамызып беруді ойламайтын үкімет енді қасығы тұрыпты, лашығынан айыруды заңға тіреп барып тоқтайтындай. Тағы да тыңдап көріңіз:
"Біз республика бойынша сараптама жасаймыз, сосын лашықты пайдалануға тыйым салу үшін заң жобасын үкіметке ұсынамыз, – дейді.
Бұл да ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильиннің сөзі. Күлесіз бе, жылайсыз ба?!