Ауғанстандағы «Талибан» билігіне қарсы қарулы әрекет ететін «Ұлттық қарсылық майданы» атты ұйым АҚШ-та іс жүргізу үшін ресми тіреуден өтті.  АҚШ-тың Әділет департаменті аталған ұйымды ресми тіркегенін лауазымды тұлғалар растады.

Аталған ұйымның сыртқы байланыстар бөлімінің басшысы Әли Майсам Назари бұл жаңалықты жұма күні өзінің  Twitter парақшасына жария еткен еді. Ол мәлімдемесінде «Ұлттық қарсылық майданы» өз қызметін жаһандық деңгейде жүзеге асыра бастайтынын да атап өткен болатын. Алайда, ол кезде америкалық лауазымды тұлғалар бұл мәліметті ресми растамаған-ды.

 Ал, АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі ақпарат құралдарына бұл туралы берген жауабында: «Өзін «Ұлттық қарсылық майданы» атаған ұйым АҚШ-тың «Шетелдік агенттіктерді тіркеу туралы» заңның тиісті тармақтарына сай 26 қазанда тіркеуден өтті», – деп растады.

Тәліптер Ауғанстан билігін басып алғаннан кейін бұрынғы үкіметке қызмет еткендерге рақымшылық жариялаған еді. Алайда, «Талибан» ұйымының мүшелері бәрі бірдей бұрынғы үкімет қызметкерлерін нысанаға алған шабуылдар жасады деп айыпталып келеді.

Тәліптер билікке келгеннен кейін «Ұлттық қарсылық майданы» Кабуылдан 100 шақырымдай қашықтықтағы Панжшир шатқалында өзінің базасын құрғанын жариялаған. «Талибан» қарулы күштері мен ҰҚМ арасында бірер аптаға жалғасқан қарулы қақтығыста болған еді. Кейін тәліптер ҰҚМ жетекшісі елден кетіп қалды деп  мәлімдеді және өздеріне тағылған айыптарды терістеп шықты.

Айта кетейік, Ауғанстан ҰҚМ жауынгерлері негізінен бұрынғы Ауғанстан қауіпсіздік күштері мен АҚШ дайындаған жергілікті жасақтардың қалдық күштерінен құралған. Қазірге дейін олардың нақты саны туралы анық мәлімет жоқ. ҰҚМ-ын Солтүстік альянстың бұрынғы жетекшісі Ахмад Шах Масудтың 32 жастағы ұлы Ахмад Масуд басқарады.

The Qazaq Times