Қазан айында басқа өңірлерге қарағанда ең көп сырқат тіркелген Алматыда 8,5 мыңға жуық адамның талдауынан коронавирус анықталған, тағы 150 шақты адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Қазір қаланың 3,1 мың тұрғыны емделіп жатыр. Жуырда ғана саны қысқарған ауруханалардағы төсек-орын қорының 45%-ында науқастар бар.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте, 26 қазанда тіркелген 230 адамның 222-сі симптом белгілерімен, тағы 8-і симптомсыз. Сонымен қоса, сейсенбі күні 119 адам ауруханаға жатқызылған.
Жалпы қалада сыйымдылығы 2334 орын болатын инфекциялық стационарларда 1056 адам емделіп жатыр. Олардың арасында 28 бала төсекке таңылған. Ал реанимация және қарқынды терапия бөлімдерінде 106 науқас жатыр. 24 адам ӨЖЖ, 47 науқас инвазивті емес ӨЖЖ және 27 сырқат High flow аппаратымен тыныстап жатыр. Сондай-ақ, БМСК мен Телемедицина орталығының мобильді топтарымен бірге үй жағдайында 2049 науқас амбулаторлық деңгейде бақылауға алынған.
Апта басы, дүйсенбіде 10 адам коронавирус пен оған ұқсас пневмониядан қайтыс болған. Қазан айында 157 алматылық осы дерттен көз жұмған.
Бақсарма мәліметінше, Алматы қаласында биыл ақпаннан бері 990 мың адам екпенің алғашқы, оның ішінде 920 мыңы толық дозасын алған. Оның 120 мыңы 60 жастан асқан азаматтар. Қазір 137 егу пункті мен 205 егу бригадасында 733 медқызметкер жұмыс істейді.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының QT редакциясына ұсынған жауабына қарағанда, эпидахуалдың тұрақтауына байланысты ковид стационарларындағы орын қысқарып, кейбір медицина мекемелері бұрынғы жоспарлы қабылдау жұмысына көшкен.
«Кейінгі кездегі оң өзгерістерге байланысты коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеп жатқан медициналық ұйымдардағы 845 төсек-орын алынып, олар бейінді бағытқа қалпына келтірілді. Осылайша, қор жүктемесі 3179-дан 2334-ке дейін азайтылды» деп хабарлады.
- «№4 Қалалық клиникалық аурухана» – 100 төсек-орын;
- «Фтизиопульмонология орталығы» – 180 төсек-орын;
- «Психикалық сауықтыру орталығы» – 100 төсек-орын;
- «SmartHealthUniversityCity» сенімді басқарушысы ШЖҚ «№1 Қалалық клиникалық аурухана» МКК – 300 төсек-орын;
- «A-class Medical» МО – 20 төсек-орын;
- «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің госпиталі» – 100 төсек-орын;
- «Медициналық көмек орталығы» ЖШС – 45 төсек-орын.
Алматы қаласында пандемия басталғалы 184 мыңнан аса адам ауырған, оның 8,6 мыңы қазан айында анықталып үлгерді. Қазір республикада тіркелетін күнделікті есептің кемінде 15-20%-ы Алматы қаласына тиесілі болып отыр.