Бүгін, бейсенбіде Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясы отырысы кезінде «заңсыз шеруге қатысқандар заңмен жауапқа тартылатынын» мәлімдеді. Бұл жөнінде Азаттық радиосы хабарлады.

– Кім не десе де, біз қабылдаған «Бейбіт шерулер туралы заң» демократияға маңызды қадам. Бейбіт шеруге, демонстрацияға ешкім қарсы емес. Ресми рұқсат алудың да қажеті жоқ. Жиналу үшін тек ескерту қажет. Бірақ кей азаматтар осы талапты да орындамайды. Мен мұндай заңға қайшы әрекетке барғандарға құқықтық баға берілетінін ескертемін. Бас прокуратураның міндеті, азаматтарға заңды түсіндіру және құзырлы органдар заңға сәйкес, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек, – деді Тоқаев.

Тоқаевтың «заңсыз шерулер жайлы ескертуі» елде 23 қазанға белгіленген қуғындағы бұрынғы банкир «Мұхтар Әблязовтың митингісі» қарсаңында айтылды.

Тоқаевтың емеуірінің бір тұсы елдегі азаматтық қоғамға да қатысты. Санкцияланбаған митинг санатына жататын жиындар биліктің рұқсат ету-етпеуіне емес, жергілікті атқарушы билікке заңда көзделген мерзімде ескертпе мәніндегі ақпараттың нормаға сай жолданбауына байланысты. Президент әкімдіктен рұқсат сұраудың қажеті жоқ, күні бұрын құлақтандырса жеткілікті дегенімен, алдын ала бірнеше рет хат жолданса да мақұлдана қоюы екіталай. Әдетте, шенеуніктер оларға наразылық акциясына рұқсат берілмегенін айтып ескерту жасайды. Кейде шеруге жиналғандар дереу тарқамаған жағдайда полиция күштеп ұстайды.

Қазақстанда былтыр «Бейбіт жиын өткізу туралы» заң қабылданған. Алайда құқық қорғаушылар мен сарапшылардың пікірінше, жаңа заң қабылданса да іс жүзінде елеулі өзгеріс болған жоқ. Елде азаматтардың конституциялық бейбіт жиын өткізу құқығы бұрынғыдай бұзылып жатыр. Жергілікті билікте митинг өткізу туралы өтінішті қанағаттандырмауға мүмкіндік беретін барлық тетіктер сақталған. Әкімдіктің рұқсатынсыз наразылық өткізген азаматтар әкімшілік қамауға алынып, ірі айыппұлдар салынады. Саяси реформалар жүріп жатқанына сенетін және соған үгіттейтін билікшіл сарапшылар бәрі бірден өзгермесе де ақырындап жақсарып келеді дейді.

The Qazaq Times0