Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны тағы 2,1 мыңға артып, жалпы есебі 990 мыңнан асқан. Қазан айының алғашқы жартысында 27 мың науқас анықталып, 521 адам көз жұмған. Бұл салыстырмалы түрде былтырғыдан айтарлықтай жоғары.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 14 қазанда коронавирус (КВИ+) жұққан 1967 адам, ал 13-і күні коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 129 адам тіркелді. Сондай-ақ, өткен сәрсенбіде 35 қазақстандық аурудан қайтыс болды. Осылайша, аптадағы жағдай біртіндеп артып келеді. Дегенмен былтыр дәл осы уақытта ресми статистикада тәулігіне көп дегенде 300-ге дейін науқас және 10-ға жетер-жетпес өлім жағдайы тіркелетін, стационарларда жатқан сырқаттар саны 3,5 мыңнан аспаған еді. Қазір бұл көрсеткіш еселеп өсіп отыр, бүгінде елде 53 мыңға жуық адам (КВИ+ бойынша 46 мың, КВИ- бойынша 6 мың) ауырып жатыр.
#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі немесе 17%-ы әдеттегідей жоғары динамикада тұрған бір ғана Алматы (333) қаласына тиесілі. Бір күнде тіркелген науқастардың үштен бір бөлігі астана мен Алматы қаласына жатады. Аурушаңдық Алматы облысы (189), Павлодар (168), СҚО (157), Ақмола (120), Ақтөбе (99) өңірлерінде біршама артқан. Ал астана (248), Қарағанды (155), ШҚО (116), Қостанай (96), Шымкент (71), БҚО (57), Атырау (46), Түркістан (43), Жамбыл (30), Қызылорда (29), Маңғыстау (7) облыстарында едәуір кеміген. Бейсенбіде аурудан айыққан 2232 адам үйіне шығарылған. 13 қазанда жиыны 28 адам қайтыс болған.
#COVID_пневмониясы Қазанның 13-і ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 129 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, бұл күнгі сырқаттар Жамбыл (24), ШҚО (20), Шымкент (19), Алматы облысы (16), Түркістан (8), астана (8), Алматы қаласында (7) көптеп анықталған. Сонымен қоса, 190 адам айығып шыққан, тағы 7 адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 53 мыңдай науқастың 9 мыңы ауруханада, 43 мыңы амбулаторлық бақылауда. 642 науқастың жағдайы нашар, ондағы 185 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 125 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Эпидкартада «жасыл аймақтағы» Шымкент, Түркістан, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда және Жамбыл облыстарынан басқа Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе, БҚО, ШҚО, Алматы облыстары «сары аймаққа» өткен. Басқа 5 аймақ тұтастай «қызыл аймақта» тұр.
ДенМиннің QT редакциясына берген мәліметінше, індет тараған 2020-2021 жылдары ПТР тесті оң көрсеткен 1407 сынама секвенирленген (штамм түрін анықтайтын талдау). Сәйкесінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық, үндістандық және нигериялық штамдары анықталған.
Биылғы жаз мезгілі қазақстандықтар үшін қаралы хабарға толы болды. Пандемия басталғалы 1,5 жылдың ішінде анықталған барлық аурушаңдық пен өлім жағдайының жартысы тек өткен жазда, төртінші толқында тіркелді. Жазғы үш айда бас-аяғы 420 мың адам ауырса, 6,6 мыңнан аса адам көз жұмды. Қыркүйек айының өзінде 99 мыңдай науқас есепке алынған және 2117 адам қайтыс болған. Ал қазан айының алғашқы жартысында, небәрі екі аптада 27 мың ауру және 521 өлім жағдайы тіркелген.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 912,5 мыңнан, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 77 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 990 мыңға жеткен. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 19,7 мың адам (КВИ+ / U07.1 – 11 672, КВИ- / U07.2 – 4946, ілеспе аурулардан – 3123) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 37-орынға орнықты.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 7 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 7,9 млн-нан асады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қараша айының үшінші онкүндігінен бастап вакцина алғанына жарты жыл өткендер үшін ревакциянация науқаны жүргізілетінін мәлімдеді.