Қазан айы басталғалы ең көп сырқат тіркелген Алматыда 4832 адамның талдауынан коронавирус анықталған, тағы 94 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Қазір қаланың 4,3 мың тұрғыны емделіп жатыр. Төртінші толқынның шарықтау кезеңіне қарағанда бүгінде көлемі екі есеге қысқарған ауруханалардағы төсек-орындардың 42%-ына науқастар жатқызылған.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте, 13 қазанда тіркелген 350 адамның 333-і симптом белгілерімен, тағы жетеуі симптомсыз. Бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда 81 адамға көп. Сонымен қоса, сәрсенбі күні 103 адам ауруханаға жатқызылған.

Жалпы қалада сыйымдылығы 3179 орын болатын инфекциялық стационарларда 1341 адам емделіп жатыр. Олардың арасында 43 бала төсекке таңылған. Ал реанимация және қарқынды терапия бөлімдерінде 139 науқас жатыр. 25 адам ӨЖЖ, 78 науқас инвазивті емес ӨЖЖ-ымен және 30 сырқат High flow аппаратымен тыныстап жатыр. Сондай-ақ, БМСК мен Телемедицина орталығының мобильді топтарымен бірге үй жағдайында 3004 науқас амбулаторлық деңгейде бақылауға алынған.

Сейсенбіде 8 адам коронавирус пен оған ұқсас пневмониядан қайтыс болған. Тұтас қазан айында 93 алматылық осы дерттен көз жұмған.

Ресми дерекке қарағанда, Алматы қаласында биыл ақпаннан бері 973 мың адам екпенің алғашқы, оның ішінде 893 мыңы толық дозасын алған. Оның 119,5 мыңнан астамы 60 жастан асқан азаматтар. Әкімдік мәліметінше, әзірге 160 егу пункті мен 237 егу бригадасында 1028 медқызметкер жұмыс істейді.

Эпидкартада бірнеше айдан бері «қызыл аймақта» тұрған Алматы қаласында пандемия басталғалы 180,5 мың адам ауырған, оның 5 мыңға жуығы қазан айында анықталып үлгерді. Қазір республикада тіркелетін күнделікті есептің кемінде 15-20%-ы Алматы қаласына тиесілі болып отыр. Үш жарым айдан бері «қызыл аймақтан» шыға алмай отырған қала аурушаңдық бойынша бірінші қатардан түспей келеді.

The Qazaq Times