Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны тағы 1,8 мыңға артып, жалпы есебі 986 мыңнан асқан. Қазан айының өзінде 23 мың науқас анықталып, 450 шақты адам көз жұмған. Бұл салыстырмалы түрде былтырғыдан айтарлықтай жоғары.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 12 қазанда коронавирус (КВИ+) жұққан 1707 адам, ал 11-і күні  коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 176 адам тіркелді. Сондай-ақ, өткен дүйсенбіде 35 қазақстандық аурудан қайтыс болды. Осылайша, апта басындағы жағдай маусым айының соңындағы деңгейге төмендегені байқалады. Дегенмен былтыр дәл осы уақытта ресми статистикада тәулігіне көп дегенде 300-ге дейін науқас және 10-ға жетер-жетпес өлім жағдайы тіркелетін, стационарларда жатқан сырқаттар саны 3,5 мыңнан аспаған еді. Қазір бұл көрсеткіш еселеп өсіп отыр, бүгінде елде 53 мың адам (КВИ+ бойынша 46 мың, КВИ- бойынша 7 мың) ауырып жатыр.

#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі немесе 15%-ы әдеттегідей жоғары динамикада тұрған бір ғана Алматы (269) қаласына тиесілі. Аурушаңдық Қарағанды (158), СҚО (136), Алматы (137), Ақмола (115), Қостанай (98), Шымкент (63), Ақтөбе (77), Түркістан (31), БҚО (49), Атырау (43), Қызылорда (28), Жамбыл (25), Маңғыстау (14) өңірлерінде біршама артқан. Ал астана (240) және ШҚО (74), Павлодар (150) облыстарында едәуір кеміген. Сейсенбіде аурудан айыққан 1958 адам үйіне шығарылған. 11 қазанда жиыны 29 адам қайтыс болған.

#COVID_пневмониясы Қазанның 11-і ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 176 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, бұл күнгі сырқаттар ШҚО (36), Шымкент (24), Алматы облысы (22), Жамбыл (22), астана (18), Алматы қаласы (11), Қостанайда (11) көптеп анықталған. Сонымен қоса, 289 адам айығып шыққан, тағы 6 адам көз жұмған.

#Жалпы  ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 53 мың науқастың 9 мыңы ауруханада, 44 мыңы амбулаторлық бақылауда. 693 науқастың жағдайы нашар, ондағы 185 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 118 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Эпидкартада «жасыл аймақтағы» Шымкент, Түркістан, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда және Жамбыл облыстарынан басқа Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, БҚО, ШҚО, Алматы облыстары «сары аймаққа» өткен. Басқа 5 аймақ тұтастай «қызыл аймақта» тұр.

ДенМиннің QT редакциясына берген мәліметінше, індет тараған 2020-2021 жылдары ПТР тесті оң көрсеткен 1407 сынама секвенирленген (штамм түрін анықтайтын талдау). Сәйкесінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық, үндістандық және нигериялық штамдары анықталған.

Биылғы жаз мезгілі қазақстандықтар үшін қаралы хабарға толы болды. Пандемия басталғалы 1,5 жылдың ішінде анықталған барлық аурушаңдық пен өлім жағдайының жартысы тек өткен жазда, төртінші толқында тіркелді. Жазғы үш айда бас-аяғы 420 мың адам ауырса, 6,6 мыңнан аса адам көз жұмды. Қыркүйек айының өзінде 99 мыңдай науқас есепке алынған және 2117 адам қайтыс болған. Ал қазан айының бірінші декадасында 23 мың ауру және 447 өлім жағдайы тіркелген.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 909 мыңға жуықтаса, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 77 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 986 мыңға жеткен. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 19,6 мың адам (КВИ+ / U07.1 – 11 613, КВИ- / U07.2 – 4931, ілеспе аурулардан – 3123) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 36-орынға орнықты.

Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 6,9 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 7,9 млн-нан асады.

The Qazaq Times