Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны тағы 1,5 мыңға артып, жалпы есебі 984 мыңнан асқан. Қазан айының алғашқы онкүндігінде 21 мың науқас анықталып, 400-ден аса адам көз жұмған. Бұл салыстырмалы түрде былтырғыдан айтарлықтай жоғары.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 11 қазанда коронавирус (КВИ+) жұққан 1499 адам, ал 10-ы күні  коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 11 адам тіркелді. Сондай-ақ, өткен жексенбіде 36 қазақстандық аурудан қайтыс болды. Осылайша, апта басындағы жағдай маусым айының соңындағы деңгейге төмендегені байқалады. Дегенмен былтыр дәл осы уақытта ресми статистикада тәулігіне көп дегенде 300-ге дейін науқас және 10-ға жетер-жетпес өлім жағдайы тіркелетін, стационарларда жатқан сырқаттар саны 3,5 мыңнан аспаған еді. Қазір бұл көрсеткіш еселеп өсіп отыр, бүгінде елде 54 мыңға тарта адам (КВИ+ бойынша 46 мың, КВИ- бойынша 7 мың) ауырып жатыр.

#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі немесе 16%-ы әдеттегідей жоғары динамикада тұрған бір ғана Алматы (238) қаласына тиесілі. Ал астана (271), Қарағанды (157), Павлодар (155), СҚО (122), Алматы (112), Ақмола (110), Қостанай (97), ШҚО (95), Шымкент (37), Ақтөбе (28), Түркістан (19), БҚО (18), Атырау (13), Қызылорда (13), Жамбыл (11), Маңғыстау (3) өңірлерінде біршама тұрақты. Дүйсенбіде аурудан айыққан 1435 адам үйіне шығарылған. 10 қазанда жиыны 25 адам қайтыс болған.

#COVID_пневмониясы механикалық әдіспен есепке алынатындықтан, демалыс күндер3і медстатистика жүйесі толық қамтылмайды. Салдарынан кейстер қатары сенбі және жексенбі, мереке күндері әдеттегіден айтарлықтай аз тіркеледі. Қазанның 10-ы ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 11 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, бұл күнгі сырқаттардың барлығы Ақмола (4), ШҚО (4), Атырау (1) облыстары мен Шымкент пен астанадан (әрқайсында бір-бірден) анықталған. Сонымен қоса, 61 адам айығып шыққан, тағы 11 адам көз жұмған.

#Жалпы  ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 54 мыңдай науқастың 9,5 мыңы ауруханада, 44 мыңы амбулаторлық бақылауда. 684 науқастың жағдайы нашар, ондағы 197 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 128 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Эпидкартада «жасыл аймақтағы» Шымкент, Түркістан, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда және Жамбыл облыстарынан басқа Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, БҚО, ШҚО, Алматы облыстары «сары аймаққа» өткен. Басқа 5 аймақ тұтастай «қызыл аймақта» тұр.

ДенМиннің QT редакциясына берген мәліметінше, індет тараған 2020-2021 жылдары ПТР тесті оң көрсеткен 1407 сынама секвенирленген (штамм түрін анықтайтын талдау). Сәйкесінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық, үндістандық және нигериялық штамдары анықталған.

Биылғы жаз мезгілі қазақстандықтар үшін қаралы хабарға толы болды. Пандемия басталғалы 1,5 жылдың ішінде анықталған барлық аурушаңдық пен өлім жағдайының жартысы тек өткен жазда, төртінші толқында тіркелді. Жазғы үш айда бас-аяғы 420 мың адам ауырса, 6,6 мыңнан аса адам көз жұмды. Қыркүйек айының өзінде 99 мыңдай науқас есепке алынған және 2117 адам қайтыс болған. Ал қазан айының бірінші декадасында 21 мың ауру және 412 өлім жағдайы тіркелген.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 907 мыңнан, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 77 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 984 мыңға жеткен. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 19,6 мың адам (КВИ+ / U07.1 – 11 584, КВИ- / U07.2 – 4925, ілеспе аурулардан – 3123) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 36-орынға орнықты.

Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 6,9 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 7,8 млн-нан асады.

The Qazaq Times