Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны тағы 2,2 мыңға артып, жалпы есебі 975 мыңға жақындаған. Қазан айының алғашқы бірнеше күнінде 12 мыңдай науқас анықталып, 200-ден аса адам көз жұмған. Бұл салыстырмалы түрде былтырғыдан айтарлықтай жоғары.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 6 қазанда коронавирус (КВИ+) жұққан 2063 адам, ал 5-і күні коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 202 адам тіркелді. Сондай-ақ, өткен сейсенбіде 39 қазақстандық аурудан қайтыс болды. Осылайша осы аптадағы жағдай маусым айының соңындағы деңгейге шамалас көрінеді. Дегенмен былтыр дәл осы уақытта ресми статистикада тәулігіне көп дегенде 300-ге дейін науқас және 10-ға жетер-жетпес өлім жағдайы тіркелетін, стационарларда жатқан сырқаттар саны 3,5 мыңнан аспаған еді. Қазір бұл көрсеткіш еселеп өсіп отыр, бүгінде елде 56 мыңнан аса адам (КВИ+ бойынша 48 мың, КВИ- бойынша 7,5 мың) ауырып жатыр.
#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі немесе 20%-ы әдеттегідей жоғары динамикада тұрған бір ғана Алматы (423) қаласына тиесілі. Ал астана (281), Алматы (197), Қарағанды (172), Павлодар (140), ШҚО (140), Ақтөбе (111), СҚО (108), Қостанай (97), БҚО (70), Шымкент (68), Ақмола (67), Атырау (51), Жамбыл (46), Түркістан (43), Қызылорда (39), Маңғыстау (10) өңірлерінде біршама тұрақты. Сәрсенбіде аурудан айыққан 2646 адам үйіне шығарылған. 5 қазанда жиыны 33 адам қайтыс болған.
#COVID_пневмониясы Қазанның 5-і ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 202 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, бұл күні Алматы облысы (37), ШҚО (33), Ақмола (30), Жамбыл (19), Шымкент (16), Алматы қаласы (14), Қостанайда (12) сырқаттар көптеп анықталған. Сонымен қоса, 332 адам айығып шыққан, тағы 6 адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 56 мың науқастың 9,5 мыңы ауруханада, 46 мыңы амбулаторлық бақылауда. 747 науқастың жағдайы нашар, ондағы 206 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 124 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Эпидкартада «жасыл аймақтағы» Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстарынан басқа Шымкент, Атырау, Ақтөбе, СҚО, БҚО, ШҚО, Ақмола, Алматы облыстары «сары аймаққа» өткен. Басқа 4 аймақ тұтастай «қызыл аймақта» тұр.
ДенМиннің QT редакциясына берген мәліметінше, 11 наурыз бен 12 шілде аралығында ПТР тесті оң көрсеткен 1311 сынама секвенирленген (штамм түрін анықтайтын талдау). Сәйкесінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық, үндістандық және нигериялық штамдары анықталған.
Биылғы жаз мезгілі қазақстандықтар үшін қаралы хабарға толы болды. Пандемия басталғалы 1,5 жылдың ішінде анықталған барлық аурушаңдық пен өлім жағдайының жартысы тек өткен жазда, төртінші толқында тіркелді. Жазғы үш айда бас-аяғы 420 мың адам ауырса, 6,6 мыңнан аса адам көз жұмды. Қыркүйек айының өзінде 99 мыңдай науқас есепке алынған және 2117 адам қайтыс болған.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 898 мыңнан, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 76 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 975 мыңға жуықтаған. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 19,4 мың адам (КВИ+ / U07.1 – 11 422, КВИ- / U07.2 – 4881, ілеспе аурулардан – 3123) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 37-орынға орнықты.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 6,7 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 7,7 млн-нан асады.