Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны тағы 2,4 мыңға артып, жалпы есебі 960 мыңнан асты. Аяқталуына аз күндер қалған қыркүйек айының өзінде 96 мыңнан аса адам ауырып, 2 мың адам көз жұмған.
Төртінші толқын екпіндей бастаған шілде айының ортасына қарай тәуліктік сырқаттар саны 5 мыңның, тамызға қарай 7 мыңның үстіне шыққан, індет қарқыны күздің басында 5 мыңнан 3 мың кейске маңайлады. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 29 қыркүйекте коронавирус (КВИ+) жұққан 2252 адам, ал 28-і күні коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 156 адам тіркелді және сейсенбіде 47 қазақстандық аурудан қайтыс болды. Қазір елде 61 мың адам (КВИ+ бойынша 53 мың, КВИ- бойынша 8 мың) ауырып жатыр.
#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі немесе 22%-ы әдеттегідей жоғары динамикада тұрған бір ғана Алматы (510) қаласына тиесілі. Ал астана (249), Алматы (212), Қарағанды (170), ШҚО (147), Ақтөбе (141), Павлодар (136), Шымкент (126), Қостанай (106), СҚО (78), БҚО (77), Атырау (69), Түркістан (58), Қызылорда (57), Жамбыл (55), Ақмола (45), Маңғыстау (16) өңірлерінде біршама тұрақты. Сейсенбіде аурудан айыққан 2271 адам үйіне шығарылған. 28 қыркүйекте жиыны 36 адам қайтыс болған.
#COVID_пневмониясы Қыркүйектің 28-і ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 156 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, бұл күні ШҚО (23), Алматы облысы (21), Жамбыл (19), Шымкент (18), Алматы (12), астанада (11) сырқаттар көптеп анықталған. Сонымен қоса, 224 адам айығып шыққан, тағы 11 адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 61 мың науқастың 10 мыңы ауруханада, 51 мыңы амбулаторлық бақылауда. 805 науқастың жағдайы нашар, ондағы 212 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 135 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Эпидкартада «жасыл аймақтағы» Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстарынан басқа Шымкент, Атырау, Ақтөбе, СҚО, БҚО, ШҚО, Ақмола, Алматы облыстары «сары аймаққа» өткен. Басқа 4 аймақ тұтастай «қызыл аймақта» тұр.
ДенМиннің QT редакциясына берген мәліметінше, 11 наурыз бен 12 шілде аралығында ПТР тесті оң көрсеткен 1311 сынама секвенирленген (штамм түрін анықтайтын талдау). Сәйкесінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық, үндістандық және нигериялық штамдары анықталған.
Биылғы жаз мезгілі қазақстандықтар үшін қаралы хабарға толы болды. Пандемия басталғалы 1,5 жылдың ішінде анықталған барлық аурушаңдық пен өлім жағдайының жартысы тек өткен жазда, төртінші толқында тіркелді. Жазғы үш айда бас-аяғы 420 мың адам ауырса, 6,6 мыңнан аса адам көз жұмды. Қыркүйек айының өзінде 96,5 мыңнан аса науқас есепке алынған және 2026 адам қайтыс болған.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 885 мыңға жуықтаса, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 75 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 960 мыңға жетті. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 19,1 мың адам (КВИ+ / U07.1 – 11 178, КВИ- / U07.2 – 4828, ілеспе аурулардан – 3123) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 36-орынға орнықты.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 6,5 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 7,6 млн-нан асады.