Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны тағы 2,5 мыңға артып, жалпы есебі 937 мыңға жуықтады.
Төртінші толқын екпіндей бастаған шілде айының ортасына қарай тәуліктік сырқаттар саны 5 мыңның, тамызға қарай 7 мыңның үстіне шыққан, індет қарқыны үш аптадан бері 5 мыңнан 3 мың кейске маңайлады. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 19 қыркүйекте коронавирус (КВИ+) жұққан 2438 адам, ал 18-і күні коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 67 адам тіркелді және сенбіде 43 қазақстандық аурудан қайтыс болды. Қазір елде 70 мың адам (КВИ+ бойынша 61 мың, КВИ- бойынша 8,5 мың) ауырып жатыр.
#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі немесе 20%-ы әдеттегідей жоғары динамикада тұрған бір ғана Алматы (506) қаласына тиесілі. Ал Қарағанды (340), астана (299), Алматы (166), Павлодар (192), Ақмола (135), Қостанай (115), ШҚО (115), Ақтөбе (106), Шымкент (81), Атырау (75), СҚО (72), БҚО (67), Түркістан (58), Жамбыл (56), Қызылорда (41), Маңғыстау (14) өңірлерінде дерт қарқыны тұрақты, кейбірінде сырқаттар қатары біршама артқаны байқалады. Сәрсенбіде аурудан айыққан 2944 адам үйіне шығарылған. 18 қыркүйекте жиыны 37 адам қайтыс болған.
#COVID_пневмониясы механикалық әдіспен есепке алынатындықтан, демалыс күндері медстатистика жүйесі толық қамтылмайды. Салдарынан кейстер қатары сенбі және жексенбі, мереке күндері әдеттегіден айтарлықтай аз тіркеледі. Қыркүйектің 18-і ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 67 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, бұл күні сырқаттар Шымкент (22), Алматы облысы (9), Қостанай (7), Қарағанды (5) өңірінде көптеп анықталған. Сонымен қоса, 13 адам айығып шыққан, тағы 6 адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 70 мың науқастың 13 мыңы ауруханада, 57 мыңдайы амбулаторлық бақылауда. 1051 науқастың жағдайы нашар, ондағы 278 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 143 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Эпидкартада «жасыл аймақтағы» Түркістан және Жамбыл облыстарынан басқа ШҚО, СҚО, БҚО, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау өңірлері мен Шымкентте «сары аймаққа» өткен. Басқа 8 аймақ (астана, Алматы қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстары) әлі де «қызыл аймақта» тұр.
ДенМиннің QT редакциясына берген мәліметінше, 11 наурыз бен 12 шілде аралығында ПТР тесті оң көрсеткен 1311 сынама секвенирленген (штамм түрін анықтайтын талдау). Сәйкесінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.
Биылғы жаз мезгілі қазақстандықтар үшін қаралы хабарға толы болды. Пандемия басталғалы 1,5 жылдың ішінде анықталған барлық аурушаңдық пен өлім жағдайының жартысы тек өткен жазда, төртінші толқында тіркелді. Үш айда бас-аяғы 420 мың адам ауырса, 6,6 мыңнан аса адам көз жұмды. Күздің алғашқы жарты айында 61 мыңдай науқас есепке алынған және 1275 адам қайтыс болған.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 862 мыңнан, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 74 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 937 мыңға жетті. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 18,6 мыңнан аса адам (КВИ+ / U07.1 – 10 763, КВИ- / U07.2 – 4740, ілеспе аурулардан – 3123) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 36-орынға орнықты.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 6,1 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 7,3 млн-нан асады.