Шенеуніктер Алматыда коронавирус пандемиясының төртінші толқыны біршама бәсеңдегенін айтады. Қазір стационарларда шамамен 43,1% орын толған. 

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте, 8 қыркүйекте 976 адам тіркелген. Бұл сейсенбіге қарағанда 65 кейске артық. Жалпы қалада сыйымдылығы 7740 орын болатын инфекциялық стационарларда 3669 адам емделу үстінде.  Ал реанимация және қарқынды терапия бөлімдерінде 331 науқас жатыр.

Алматыдағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуына байланысты 5 қалалық стационар өзінің негізгі профилі бойынша жұмысын жалғастырады. Бұл туралы Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтты.

«Қазір жағдай біртіндеп түзеле бастады, ауруханаға түсентіндердің жүктемесі де біршама тұрақталып келеді. Сондықтан кейбір ауруханалар жоспарлы жұмыс режиміне оралып, қалыпты жағдайда қызмет көрсететін болады. Осылайша, қалалық Ревматология орталығы, Тері-венерологиялық диспансері, Б.О.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы, «ХАК Медикал» клиникалық ауруханасы, «Astana International» қонақүйі коронавирустық емдеу бағытынан бас тартып, негізгі жұмысын бастады», – деп хабарлады Табынбаев.

Редакция қол жеткізген ресми ақпаратқа сәйкес, уақытша ковидтік стационар ретінде жұмыс істеген медицина ұйымдары мен қонақ үйлердің тізімі:

  • «Б. Жарбосынов атындағы ғылыми урология орталығы» – 150;
  • «HAK Medical» клиникалық стационары – 150;
  • «Astana International» қонақ үйі – 240;
  • «Shera Park» қонақ үйі – 600;
  • «Тері-венерологиялық диспансері» – 30;
  • «Қалалық ревматологиялық орталығы» – 80;
  • «Grand Erbil» қонақ үйі – 150;
  • «Astra» қонақ үйі – 160 төсек-орын.

Әзірге стационарларда дезинфекциялау шарасы жүргізіліп жатыр. Сонымен қоса, басқарма басшысы Halyk Arena спорт кешені сәрсенбіден бастап толық босатылып, резервке қойылғанын айтады. Келесі аптада қалалық Кардиология орталығы, Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы (ЖШККА) және Қорғаныс министрлігінің Әскери-клиникалық госпиталі коронавирустан емдеуді тоқтатып, негізгі жұмысын бастайды. Эпидахуал жақсарған сайын инфекциялық төсек-орын көлемі қысқара береді.

 «Егер он күн бұрын тәулігіне 700-ден астам науқас қалалық ауруханаларға жатқызылған болса, қазір бұл сан 378 науқасқа дейін төмендеді. 454 адам ауруханадан шығарылды. Үйде бақыланатын науқастар саны да қысқарды – 14 200-ден 7 446-ға дейін. Бүгінгі таңда ауруханаларда 3669 науқас емделіп жатыр, төсек-орындардың толымдылық деңгейі – 43,1%», – деп толықтырды Табынбаев.

Ресми дерекке қарағанда, Алматы қаласында биыл ақпаннан бері 900 мыңға тарта адам екпенің алғашқы, оның ішінде 780 мыңдайы толық дозасын алған. Әкімдік мәліметінше, әзірге 160 егу пункті мен 237 егу бригадасында 1028 медқызметкер жұмыс істейді.

Жалпы пандемия басталғалы қалада 162 мыңнан аса адам ауырған, оның 50 мыңға жуығы тамызда анықталған. Қазір республикада анықталған күнделікті есептің кемінде ширек бөлігі Алматы қаласына тиесілі болып отыр.

Эпидахуалдың нашарлауына байланысты тамызда қалыпты жағдайда қолданылып жүрген 7011 төсек-орын 8910-ға дейін көбейтілген. Сейсенбі бұл 7740 орынға дейін қысқартылды.

The Qazaq Times