Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны тағы 3,5 мыңға артып, жалпы есебі 891 мыңнан асты.

Төртінші толқын екпіндей бастаған шілде айының ортасына қарай тәуліктік сырқаттар саны 5 мыңның, тамызға қарай 7 мыңның үстіне шыққан індет қарқыны бір аптадан бері 4-5 мың кейске маңайлады. 5 қыркүйекте екі айдан бері (10 шілдеден) алғаш мәрте 3,7 мыңнан кем жағдай тіркелді. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 6 қыркүйекте коронавирус (КВИ+) жұққан 3583 адам, ал 5-і күні  коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 67 адам тіркелді және жексенбіде 79 қазақстандық аурудан қайтыс болды. Қазір елде 90 мың адам (КВИ+ бойынша 82,5 мың, КВИ- бойынша 7,5 мың) ауырып жатыр.

#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі немесе 27%-ы әдеттегідей жоғары динамикада тұрған бір ғана Алматы (957) қаласына тиесілі. Бұдан өзге Қарағанды (398), астана (327), Алматы (246) және Павлодар (221), Ақмола (221), Қостанай (203), Маңғыстау (192), Ақтөбе (189) облыстарында эпидахуал әлі де нашар күйде. Ақтөбе облысында алдыңғы (67) күнге қарағанда кеше (189) анықталған сырқаттар үш есеге артқан. ШҚО (169), Атырау (67), Жамбыл (82), БҚО (45), Қызылорда (50), Шымкент (106), СҚО (76), Түркістан (34) өңірлерінде дерт қарқыны біршама бәсеңдегені байқалады. Кеше, дүйсенбіде аурудан айыққан 6362 адам үйіне шығарылған. 5 қыркүйекте жиыны 64 адам қайтыс болған.

#COVID_пневмониясы механикалық әдіспен есепке алынатындықтан, демалыс күндері медстатистика жүйесі толық қамтылмайды. Салдарынан кейстер қатары сенбі және жексенбі, мереке күндері әдеттегіден айтарлықтай аз тіркеледі. Қыркүйектің 5-і ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 12 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, бұл күні сырқаттар Шымкент (6), Қызылорда (2) облысында көптеп анықталған. Сонымен қоса, 8 адам айығып шыққан, тағы 15 адам көз жұмған.

#Жалпы  ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 90 мың науқастың 19 мыңы ауруханада, 71 мыңдайы амбулаторлық бақылауда. 1479 науқастың жағдайы нашар, ондағы 387 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 209 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Эпидкартада «жасыл аймақтағы» Түркістан облысынан басқа ШҚО, СҚО, Жамбыл, Қызылорда өңірлері «сары аймаққа» өткен. Басқа 12 аймақ тұтастай «қызыл аймақта» тұр.

ДенМиннің QT редакциясына берген мәліметінше, 11 наурыз бен 12 шілде аралығында ПТР тесті оң көрсеткен 1311 сынама секвенирленген (штамм түрін анықтайтын талдау). Сәйкесінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.

Биылғы жаз мезгілі қазақстандықтар үшін қаралы хабарға толы болды. Пандемия басталғалы 1,5 жылдың ішінде анықталған барлық аурушаңдық пен өлім жағдайының жартысы тек өткен жазда, төртінші толқында тіркелді. Үш айда бас-аяғы 420 мың адам ауырса, 6,6 мыңнан аса адам көз жұмды.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 820 мыңнан, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 71 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 891 мыңға жетті. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 17 мыңнан аса адам (КВИ+ / U07.1 – 9915, КВИ- / U07.2 – 4587, ілеспе аурулардан – 2633) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 36-орынға орнықты.

Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 5,7 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 6,8 млн-нан асады.

The Qazaq Times