Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны тағы 5,3 мыңға артып, жалпы есебі 874 мыңнан асты.
Төртінші толқын екпіндей бастаған шілде айының ортасына қарай тәуліктік сырқаттар саны 5 мыңның, тамызға қарай 7 мыңның үстіне шыққан індет қарқыны үш күннен бері 5 мың кейске маңайлады. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 2 қыркүйекте коронавирус (КВИ+) жұққан 4930 адам, ал 1-і күні коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 460 адам тіркелді және сәрсенбіде 117 қазақстандық аурудан қайтыс болды. Қазір елде 100 мыңға жуық адам (КВИ+ бойынша 92 мың, КВИ- бойынша 7 мың) ауырып жатыр.
#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі әдеттегідей жоғары динамикада тұрған Алматы (1287) қаласы және Қарағанды (622) облысынан. Бұдан өзге Алматы (295), астана (318) және Ақтөбе (339), Павлодар (268), Ақмола (248), Маңғыстау (238), Қостанай (232) облыстарында эпидахуал әлі де нашар күйде. Шымкент (223), Атырау (195), ШҚО (170), БҚО (134), Қызылорда (112), Жамбыл (109), СҚО (70), Түркістан (70) өңірлерінде дерт қарқыны бәсеңдер емес. Кеше, бейсенбіде аурудан айыққан 10 161 адам үйіне шығарылған. 1 қыркүйекте жиыны 96 адам қайтыс болған.
#COVID_пневмониясы Қыркүйектің 1-і ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 358 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, сейсенбі күні сырқаттар Алматы облысы (59), Жамбыл (44), Алматы (41), Атырау (32), Маңғыстау (31), Шымкент (31), Шығыс Қазақстан (28) облыстарында көптеп анықталған. Сонымен қоса, 170 адам айығып шыққан, тағы 21 адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 100 мыңдай науқастың 22 мыңға жуығы ауруханада, 78 мыңы амбулаторлық бақылауда. 1547 науқастың жағдайы нашар, ондағы 481 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 255 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Эпидкартада «жасыл аймақтағы» Түркістан облысынан басқа ШҚО, Жамбыл өңірлері «сары аймаққа» өткен. Басқа 14 аймақ тұтастай «қызыл аймақта» тұр.
ДенМиннің QT редакциясына берген мәліметінше, 11 наурыз бен 12 шілде аралығында ПТР тесті оң көрсеткен 1311 сынама секвенирленген (штамм түрін анықтайтын талдау). Сәйкесінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.
Биылғы жаз мезгілі қазақстандықтар үшін қаралы хабарға толы болды. Пандемия басталғалы 1,5 жылдың ішінде анықталған барлық аурушаңдық пен өлім жағдайының жартысы тек өткен жазда, төртінші толқында тіркелді. Үш айда бас-аяғы 420 мың адам ауырса, 6,6 мыңнан аса адам көз жұмды.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 803 мыңнан, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 70 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 874 мыңға жетті. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 16,7 мың адам (КВИ+ / U07.1 – 9591, КВИ- / U07.2 – 4506, ілеспе аурулардан – 2633) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 36-орынға орнықты.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 5,5 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 6,7 млн-нан асады.