Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны тағы 6,4 мыңға артып, жалпы есебі 823 мыңнан асты. Тек шілде айында 154 мың адам сырқаттанып, 1932 адам (КВИ+ 1644, КВИ- 288) қайтыс болған. Шілде айының ортасына қарай тәуліктік сырқаттар саны 5 мыңның, тамызға қарай 7 мыңның үстіне шыққан індеттің төртінші толқыны бірер күннен бері 6 мың кейсте жүріп жатыр. Тамыз айының өзінде сырқаттанған 181 мыңнан аса адам анықталды және 3149 адам көз жұмды.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 24 тамызда коронавирус (КВИ+) жұққан 6040 адам, ал 23-і күні  коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 428 адам тіркелді және дүйсенбіде 157 қазақстандық аурудан қайтыс болды. Қазір елде 121 мыңға жуық адам (КВИ+ бойынша 114 мың, КВИ- бойынша 6 мың) ауырып жатыр.

#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі әдеттегідей мың шақты кейстік динамикада тұрған Алматы (1590) қаласы және Қарағанды (843) облысынан. Бұдан өзге астана (505) және Ақмола (365), Алматы (358),  Ақтөбе (388), Павлодар (317), Атырау (307) облыстарында эпидахуал әлі де нашар күйде.  Қостанай (269), Шымкент (220), Маңғыстау (202), Жамбыл (202), СҚО (122), ШҚО (167), БҚО (123), Қызылорда (98),  Түркістан (64) өңірлерінде дерт қарқыны бәсеңдер емес. Кеше, сейсенбіде аурудан айыққан 8501 адам үйіне шығарылған. 23 тамызда жиыны 131 адам қайтыс болған.

 

#COVID_пневмониясы Тамыздың 23-і ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 428 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, дүйсенбі күні сырқаттар Алматы (79) облысы, Жамбыл (60), Шымкент (52), Маңғыстау (43) облыстарында көптеп анықталған. Сонымен қоса, 172 адам айығып шыққан, тағы 26 адам көз жұмған.

#Жалпы  ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 121 мыңға тарта науқастың 27 мыңнан астамы ауруханада, 93 мыңы амбулаторлық бақылауда. 1832 науқастың жағдайы нашар, ондағы 550 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 262 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Эпидкартада «жасыл аймақтағы» Түркістан облысынан басқа өңірдің бәрі тұтастай «қызыл аймақта» тұр.

ДенМин хабарынша, 11 наурыз бен 12 шілде аралығында ПТР тесті оң көрсеткен 1311 сынама секвенирленген (штамм түрін анықтайтын талдау). Сәйкесінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 754 мыңнан, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 68 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 823 мыңға жетті. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 15,5 мың адам (КВИ+ / U07.1 – 8643, КВИ- / U07.2 – 4289, ілеспе аурулардан – 2633) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 35-орынға орнықты.

Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 5,1 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 6,4 млн-нан асады.

The Qazaq Times