Америка Құрама Штаттары Ауғанстаннан азаматтарды эвакуациялауды бүгін толығымен тоқтатады. Бұған қоса АҚШ Мемлекеттік департаменті Ауғанстандағы дипломатиялық қызметін ресми түрде тоқтатқанын мәлімдеді.
АҚШ мем. хатшысы Антони Блинкен ресми мәлімдемесінде, Ауғанстандағы дипломатиялық қызметі Катар орталық қаласы Дохаға көшірілгенін айтты. Блинкеннің баспасөз мәлімдемесінен бірер сағат бұрын ғана АҚШ Орталық қарулы күштерінің қолбасшысы Генерал МакКензи Ауғанстандағы әскери шегіністі толық аяқтағандарын мәлімдеген болатын.
Блинкен мәлімдемесінде эвакуация басталған 14 тамыздан бері қарай АҚШ тарабы 123 мыңға жуық адамды Ауғанстаннан алып шыққанын, оның 6 мыңнан астамы АҚШ азаматы екенін айтты.
Пентагон мәліметтеріне қарағанда соңғы 24 сағат ішінде АҚШ әскери және азаматтық ұшақтары, сондай-ақ одақтас елдердің ұшақтарын пайдалана отырып Ауғанстаннан 1250 адамды алып шыққан. Осымен эвакуация операциясын тамамдаған. Жалпы мәліметке сәйкес 14 тамыздан бері қарай Ауғанстаннан 122 мың 600 адам шығарылған. Олардың 117 мыңнан астамы АҚШ тарабынан эвакуацияланды.
Әлі де 100-ге жуық америкалық Ауғанстанда қалған болуы мүмкін деп мәлімдеді Блинкен сөзінде. «Әскери миссияны аяқтадық, жаңа бір дипломатиялық миссиямыз басталды. Алдымен осы миссиямызды орындау үшін жедел топ құрылды. Жаңа жоспарды алдағы уақытта Конгреске ұсынатын боламыз», – деді АҚШ мемлекеттік хатшысы.
АҚШ бас дипломаты сөзінде Ауғанстаннан толық шыққанымен Құрама Штаттар тарабы Ауғанстаннан кеткісі келетін америкалық және ауғанстандық азаматтарға қолдауды жалғастыратынын жеткізген.