Жуырда ректор орнынан босаған Ғалымқайыр Мұтановатың кезінде жері жекеге өткен ҚазҰУ территориясы туралы дау бойынша әлеуметтік желілердегі Ras Aitamyn зерттеу арнасы университет аумағының бір бөлігін иемденген компанияның арқасүйерін анықтады.
«Қара шаңырақтың» жекеге өтіп кеткен жері туралы қоғамдық резонанстан кейін басшылыққа ұзақ жылдар түрлі мемлекеттік қызметте болған Жансейіт Түймебаев келді. Шуды басу үшін жаңа ректор келгенімен, ұлттық университеттің жерін кім алды деген сұрақ жауапсыз қалды. 11 жылдай орнынан тапжылмаған, ақындығы мен ғалымдығы тұрғысынан да сынға іліккен Ғалымқайыр Мұтанов әзірге нақты қайда барғаны белгісіз. Ел арасындағы сыбысқа қарағанда, Ұлттық ғылым академиясының әлдебір институтына баруы мүкін көрінеді.
Осыған дейін ORDA.kz 2017 жылғы тамыз айында аумағы 0,7495 га жерді Алматы әкімдігі OMIREX ЖШС-ға уақытша пайдалануға бергенін, ал мүлікті Atlas Development ЖШС-ның жарғылық капиталына өткізгенін жазған.
Дәл осы компаниялардың артында кімдер тұрғанын зерттеген Ras Aitamyn Telegram-арнасының тұжырымдауынша, ҚазҰУ жерін алған компаниялар артында Құлыбаев тұр. Дағдарыс кезінде де табысы жыл санап артатын белгілі олигарх Тимур Құлыбаев «Joint Technologies» арқылы ҚазҰУ-дың жерін әкімшілік арқылы уақытша пайдалануға алған OMIREX компаниясына иелік етеді.
2009 жылы шілдеде құрылған бұл компаниясының құрылтайшылары – Уразаева Фатима Мустафаевна мен Joint Technologies компаниясы. Ал Joint Technologies-тің құрылтайшылары – Сагдиева Раушан Михтаевна және «Кипрос» ЖШС. Ал «Кипрос» ЖШС-ның құрылтайшысы – ең дәулетті қазақ байларының бірі, экс-президенттің күйеу баласы Құлыбаев. Осында аты аталған Раушан Сагдиева да, Фатима Уразаева да Тимур Асқарұлына жақын адамдар.
Фатима Уразаеваның ұлы Ерлан Упушев Тимур Асқарұлымен иық тіресіп жұмыс істеген. Ол «Шұбаркөл Премиум» АҚ-ның бас директоры қызметін атқарған. Ал «Шұбаркөл Премиум» АҚ-ның негізгі акционері – Тимур Құлыбаев иелік ететін «Joint Resources» АҚ. Сондай-ақ Упушев Құлыбаев пен өзінің анасы Фатима Уразаева иелік ететін көмір өндіруші «Майкубен вест» ЖШС-ның бас директоры болған. Тіпті «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы президиум төрағасы Тимур Құлыбаевтың қолынан «Парасат» орденін алған.
Упушевтің анасы, 77 жастағы зейнеткер Фатима Уразаеваның да Тимур Құлыбаев компанияларымен байланысы бар. Оның жеке немесе жалға алынатын мүлікті пайдалану және басқарумен айналысатын «ТБН» компаниясы бар. Осы «ТБН-ның» тағы бір құрылтайшысы – «Mercury Properties» ЖШС. Ал «құрылтайшы» компанияның («Mercury Properties» ЖШС-ның) құрылтайшылары – Тимур Құлыбаевтың «Кипрос» компаниясы мен жұбайы Динара Құлыбаева.
Уразаева мен Құлыбаевтың бизнес байланысы мұнымен бітпейді. «Demir Delux» ЖШС-ның құрылтайшылары да – Ф.Уразаева мен Құлыбаевтың «Кипрос» компаниясы. «Premier Development Company» ЖШС-на да Фатима Уразаева мен «Joint Resources» АҚ арқылы Құлыбаев қожалық етеді. «Joint Resources» АҚ-ға «ҚазАзот» АҚ-ның 50% акциясы тиесілі, сондай-ақ «Joint Resources» «Шұбаркөл Премиум» АҚ-ның негізгі акционері.
ҚазҰУ жер дауы мен әкімдік қаулысында атауы аталатын тағы бір компания – Atlas Development ЖШС-ның да Құлыбаевқа тікелей қатысы бар. Бұл компанияның құрылтайшылары: Құлыбаев иелік ететін «Кипрос» пен Сагдиева Раушан.
Раушан Сагдиева да Құлыбаевтың сенімді адамдарының бірі. Ол Құлыбаев иелік ететін «Кипрос» ЖШС-ның жетекшісі. Осы компаниясы арқылы Тимур Құлыбаев пен Сагдиева Раушан Ресейдегі «Росстройинвестке» қожа.
Әкімдік қаулысында аты аталатын Atlas Development әл-Фараби даңғылынан төмен, Есентай өзенінің батысындағы ҚазҰУ-ға жақын жерге ие. Ол аумақта жерасты паркингі бар көпқабатты үй салынбақ. Atlas Development-тің жерге иелік ету құқығы 2017 жылдың 9 қарашасындағы сату-сатып алу келісімшартымен бекітілген.
Atlas Development ЖШС «ҚазҰУ жерлерінің үшінші тұлғаларға өтіп кеткені туралы жекелеген адамдардың таратқан ақпаратында айтылған жерге өздеріне тиесілі аумақтың қатысы жоғын» мәлімдеген. Бірақ әңгіме –әкімдік арқылы Atlas Development-ке өтіп кеткен мүлікте. Әкімдік мүлік Atlas Development-ке, ал жерді уақытша пайдалану Omirex-ке берілгенін айтқан. Бірақ бұл екі компания бір-бірімен байланысты, kompra.kz мәліметінше, 2016-2019 жылдары Omirex ЖШС Atlas Development ЖШС-ның құрылтайшысы болған.
«Қалай болғанда да жер дауындағы тізбектің бәрі Тимур Құлыбаевқа апарады. Forbes дәулетін 3,1 млрд долларға бағалаған, онсыз да көл-көсір байлыққа ие миллиардерге ҚазҰУ-дың ұлтарақтай жері не үшін керек болды екен?» – деген сұрақтың басы тағы ашық қалғандай. Алматы қаласының ең қымбат ауданының маржан аумағына көпқабатты тұрғын үй көтеріп, ел аузындағы «құдай болсам» дейтін бай-манаптарға сату арқылы қалта қампайту мүддесі байқалады.
Алдағы уақытта құрылғанына 85 жылдан асқан ҚазҰУ аумағының заңдық тұрғыда өзгеру тарихын ұсынып, қоғам наразылығын тудырған жағдайды жіті бақылайтын боламыз. «Ұлттар түрмесі» аталған Кеңестік кезеңнің өзінде қазақ жастары санаториялық аймақта білім алуға тиіс деген Дінмұхаммед Қонаевтың кезінде шегеленген «аманат жер» бүгінгі тәуелсіздік таңында ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткені көптің шамына тиді.