Қаздаң қаққан қызыл таяқ талай шоферға таныс болар. Танысыңыз не, түсіне кіретіндей танымал деген дұрыс-ау. Ол қолында тұрғанда жол полицейлері тым «құдіретті». Бір сермеп, талай көлікті мұрнынан тізіп тастайды. Енді, сақшы мырзалар сол құдіретті таяқты қолданбайтын болыпты.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаев айтқан. Таяғынан айырылған полицей не істемек? Әрине, көліктерді қол көтеріп тоқтатады екен. Әбден қызыл таяққа үйреніп алған жүргізушілер, қолын ғана көтеріп тұрған МАИ-ды көзге ілмей қоймай ма? Әйтеуір, жолполдардың ысқырығы қалыпты. Сонымен бірге, арнайы жарық түсіретін, дауыс зорайтқыш аспап та қолданады. Полицей көлігімен келіп те тоқтатуға құқы бар.
Бұндай өзгеріс, ішкі істер органдарын модернизациялау негізінде жүзеге аспақ. Онда әлемдік жол-қатынас қауіпсіздігіне байланысты тәжірибелер негізге алынған. А.Саудадабев Еуропа елдерінің полицейлері мұндай таяқшаны қолданбайтынын айтыпты. Иә, өркениетті елдерді үлгі еткен дұрыс. Біздің айтпағымыз, сол өзгеріс сыртқы формада ғана емес, ішкі ой-болмысымызда да болса деген тілек. Олай дейтініміз, жұрт жемқорлыққа жақын жолполдарды сан түрлі қыжыртпа әңгімеге қосып алған. Соның ішінде жаңағы қызыл таяқша да бар. «Сиқырлы таяқпен» талай машинаны тоқтатып, жол ережесін бұзғандардан пара алуға құмар сақшылардың таяғы, олардың «наны» аталып кеткен. Әрине, кекесін мағынада.
Енді, Еуропа полицейлері құсап, таяқшасын тастаған біздің жолполдар тойдағы беташатын тамадалар құсап, табақшасын алып шықпаса болғаны. Сырт қана емес, ішкі санамыз да өзгресе деп отырғанымыз сол.
Ақтамберді АСПАН
«The Qazaq Times»