Алматыда "Демпартия" жақтастары халықтан "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке садақа беруді сұрап қаланың орталық көшелерінде акция өткізді. Оларға бір топ адам қарсылық көрсетіп, ақша жинаған қорабын алып кетті. 

Жанболат Мамайдың жақтастарына қарсылық көрсеткендер плакат пен дауыс зорайтқыш ұстап алған. Плакаттарына "Сот шешімін орында" деп жазған олар "Жанболат алаяқ", "Мамай - сатқын!", "Мамай қарабет!" деп ұрандаттты. Ал Мамай жақтастары оларды "биліктің титушкалары" деп айыптады.

Биыл маусымда Алматы  қаласы Әуезов аудандық соты Жанболат Маймай мен оның әйелі Инга Иманбайды "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке 950 мың теңге көлемінде айппұл төлеуге міндеттеген. Мамай сот міндеттеген ақшаны халықтан "Байбекке садақа" деген акция арқылы жинайтынын мәлімдеген.

Сот шешіміне сай, Мамай мен Иманбай Байбек жайлы фильмді интернеттен өшіріп, ондағы деректі жоққа шығаруы тиіс. Бірақ Жанболат Мамай әлеуметтік желіге жарияланған видео өшірілмейтінін және оны теріске шығармайтынын айтқан.

Байбек пен Мамай арасындағы даудың туындауына сәуір айында шыққан фильм-зерттеу түрткі болған. Жанболат Мамай сәуірде Youtube-тегі "Демократиялы Қазақстан/Демократический Казахстан" арнасында "Бауыржан Байбек: Назарбаев сыныптасы баласының жемқор бизнес-империясы" атты видео жариялаған. Деректі фильм стилінде түсірілген видеода Жанболат Мамай Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекті "мемлекеттік қызметте жүріп үлкен бизнес-империя құрды", "Алматы әкімі болған 4 жылда 1 миллиард доллар заңсыз ақша тапты", "құрылысқа және көлік тұрағына" қала аумағының және Іле-Алатау ұлттық паркінің "жерін берді", "пара алды", "көмір мафиясын құрды" және Алматыдағы ЖЭС-2-ні "газға көшіруді кешеуілдетті", "адам құқықтарын бұзды" деп айыптаған. Ал Байбек "Мамайдың айтқандары дәлелсіз" деп сотқа шағымданған.

The Qazaq Times